Жаңалықтар

Өзен айналасы тазартылды

Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлері Көктау ауылында экологиялық акция өткізіп, Ор өзені айналасын қоқыстан тазартты. Экобелсенділерге ауыл тұрғындары мен балалар да көмектесті.

Бұл — аталған кәсіпорын жұмысшыларының Көктау ауылдық округі әкімдігі, жергілікті тұрғындармен бірлесе өткізген екінші сенбілік. Бұған дейін тату ұжым  Самара-Шымкент тасжолы бойындағы аумақты тазалап, ретке келтірген.

Көктау ауылы әкімі Бақытбек Усмахантың айтуынша, Ақтөбе мыс компаниясы үнемі ауылдың тіршілігіне, көркеюіне атсалысып, техникамен қамтамасыз етіп отырады.

Мұндай іс-шара —  қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға, күтіпұстауға шақыратын үлкен бастама. Аталған компания өкілдерімен бірге, жергілікті тұрғындар да тазалық науқанына шығып, өз үлестерін қосты.Мақсатымыз — айналамызды таза ұстап, көркейту, — деді ауыл әкімі.

Компания өкілі Жұмажан Жолдыбаевтың айтуынша, кәсіпорында жұмысшылар арасында экологиялық мәдениет насихатталады. «Ақтөбе мыс компаниясы қызметкерлері тау-кен байыту комбинаты мен кен орындарында да сенбіліктер өткізіп тұрады. Жұмысшылар аптасына бір рет ағаш отырғызып, өндірістік алаң мен вахталық қалашықтарды көріктендірумен айналысады. Мұндай іс-шараларға барлық бөлімше мен цехта жұмыс жасайтын қызметкерлер мен жұмысшылар кезектесіп шығады», — деді ол.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button