Жаңалықтар

Ақтөбе көшелерін тазалайтын арнайы техникалар сатып алуға 3 млрд. теңге жұмсалды

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе жолдарын тазалайтын және жолдарды жөндеу үшін пайдаланылатын жаңа арнайы техниканы қарап шықты.

Жаңа техникалар «Atk Qyzmet» ЖШС теңгерімінде болмақ. Бұл коммуналдық кәсіпорын Ақтөбедегі және тұрғын алаптардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, көшелерді тазалауға жауапты.

Сатып алынған арнайы техникалардың арасында бордюрлердің бойындағы шаң, топырақ және қоқымдарды алатын, арықтарды қоқыстардан тазартатын, жол жүру бөлігіндегі шұңқырларды жөндейтін көліктер бар. «Atk Qyzmet» ЖШС Бас директоры Дастан Хамитовтің сөзінше, жолдарды жөндеуге арналған машиналардың операторлары арнайы көлікті басқару бойынша оқыған, ендіжақын арада жұмысқа кіріседі.

«Қала тазалығы – біздің назарымызда. Қазіргі таңда Ақтөбе мен оған іргелес жатқан тұрғын алаптарды көгалдандыру және қоқыстан тазарту міндеті тұр. Әр сенбі сайын «Таза Қазақстан» тақырыбында сенбіліктер өткізіп келеміз. Тұрғындарды да бұл шараларға атсалысуға, қатарымызға қосылуға, өз аулаларын таза ұстауға шақырамыз.

Ақтөбе – біздің ортақ үйіміз. Қаланың тазалығы тек тәулік бойы жұмыс істейтін коммуналдық қызметтерге ғана артылған міндет емес. Тазалық пен тәртіп күш-жігерді біріктіре отырып, сақтау керек.

Біз коммуналдық кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын кеңейту үшін 3 миллиард теңгеден астам сомаға арнайы техника сатып алдық. Бұл техника қала ішіндегі жолдарға қызмет етеді. Тротуарларды, саябақтар мен саябақтардағы жолдарды тазалауға арналған арнайы машиналарды сатып алу жоспарда бар. Жаяу жүргіншілерге де ыңғайлы болатындай жағдай жасау керек. Бұл мақсатқа тағы 3 миллиард теңге қарастырылған.

Жолдарды да жөндеу қажет. Сондықтан арнайы техникамен барынша қамтуымыз керек», – деді облыс әкімі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button