Жаңалықтар

Келісімге қол қойды

ҚР Үкімет үйінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті мен «Halyk Bank» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр және «Halyk Bank» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды. Қол қою рәсіміне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров қатысты.
Бұл келісім V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын арттырып, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайта түседі. Бас серіктес ретінде Halyk Bank 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін көшпенділер ойындарын ұйымдастыру ісіне айтарлықтай қолдау көрсетеді.
«Мемлекет басшысы көшпелі өркениеттің мұрасын халқымыздың басты брендтерінің бірі деп атады. Бұл мұраны біз Астанадағы ойындар кезінде жаһандық деңгейде танытуымыз керек»,— деді Роман Скляр.
Оның айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі ретінде Қазақстанның қаржы саласының көшбасшысы — «Halyk Bank»-тің таңдалуы орынды. Банк — қаржылық қызмет көрсетуші ғана емес, сондай-ақ бүкіл республика бойынша әлеуметтік жобаларды белсенді түрде іске асырып отырған аса жауапты мекеме.
«Halyk Bank» басшысы Үміт Шаяхметова мұндай жоғары деңгейдегі маңызды халықаралық жобаға қолдау көрсету банк үшін үлкен мәртебе әрі асқан жауапкершілік екенін жеткізді.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын арттырудағы айтарлықтай қадам деп есептейміз. Бұл — ортақ мұрамыз бен мәдени кодымызды сақтаудың маңыздылығын дәріптеуге бағытталған, жүзден астам мемлекет өкілдері қатысатын халықаралық жоба. Біз банк ретінде елдің дамуы мен Қазақстан халқының игілігіне бағытталған істерді әрқашан қолдаймыз», — деді ол.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйекте өтеді. Спорттың 21 түрін қамтыған жарысқа әлемнің 85 елінен 2 мыңнан аса спортшы қатысады.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын
дайындау және өткізу дирекциясының
баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button