Мәртөк ауданындағы «Мәртөк» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізілуде
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барып, «Мәртөк», «Қазан-2» және «Саржансай» бөгеттерінің жай-күйімен танысты.
Аққайың ауылындағы «Мәртөк» бөгеті 1990 жылы қолданысқа берілген. Бірнеше жыл техникалық күтім көрмеген бөгетті күрделі жөндеуге құрылысшылар биылғы жылдың мамыр айында кірісті. Жоспар бойынша жұмыстар шілдеде аяқталады деп күтіліп отыр. «Элитстройсервис-Ақтөбе» ЖШС мұнда су өткізгіш құбырлар, шлюз салады. Жиналатын су ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады.
Ал Мәртөк ауылындағы «Қазан-2» бөгеті былтыр 107,4 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сыйымдылығы 0,192 млн текше метр. Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов көктемгі су тасқыны кезінде бөгет қарғын суды ұстауға, Қазан және Мәртөк ауылының жаңа құрылыс жағын су басудан аман алып қалуға көмектесті дейді.
Аудан әкімдігі сондай-ақ, Саржансай және Сарыжар ауылдарында бөгеттерді нығайтып жатыр. Қазіргі уақытта Елек өзені бойындағы ауылдарда 17 шақырымды құрайтын бөгет салынуда. Барлық жұмыс қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Жалпы, облыста су тасқынында 15 гидротехникалық құрылыс бұзылды. Жобалар әзір, мемлекеттік сараптамада. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөгеттер мен ГТҚ жөндеу жұмыстары қараша айына дейін аяқталады деп отыр.
Жұмыстарды бағамдаған Асхат Шахаров мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын нормативке сәйкес, уақытылы бітіріп, өз мерзімінде сапалы тапсырылуын міндеттеді.
«Ақтөбе облысында 22 елдімекен су тасқынынан зардап шекті. Былтыр ауылдарды топан судан қорғайды деп бастаған және биыл жасалатын 25 жоба бар. Соның жұмыстарын ретке келтіру қажет. Жоспарға сай, алдын ала әрі жылдам қимылдап, мерзімінде құрылысты бітіру керек. Әйтпесе, үлкен су келгенде, қайтадан салдарымен күресуіміз мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті, Табиғи ресурстар және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары, аудан әкімдігі мен мердігер компаниялар бұл мәселені үнемі назарда ұстап, қадағалап, жұмыстарды күшейтуі тиіс», – деді облыс басшысы.
Айтып өткен жөн, Мәртөк ауданында үш ауыл табиғи апаттан зардап шегіп, салдарынан 69 аулаға су кірді. Саржансай ауылындағы бір үй және Сарыжар ауылында су басқан үш үй техникалық тексеру нәтижесінде «апаттық жағдайда» деп танылды. Әкімдік екі отбасыға «Болат Өтемұратов қоры» арқылы үй сатып алынғанын алға тартты. Қалған екі отбасы жаңа үйге көшу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Сонымен қоса, 45 отбасы 100 АЕК әлеуметтік төлем алды. Демеушілер есебінен де су тасқынынан жапа шеккен мәртөктіктерге көмек көрсетілуде.
Д.АЙДАР.