Жаңалықтар

Ақтөбе қаласында жарықтандыру жұмыстары және ескірген, жарық беруі әлсіз немесе сынған көше шамдарын ауыстыру жүргізілуде

Қала көшелерінде, елді мекендерде, трассалардың бойында, скверлер мен саябақтардағы сынған жарық шамдарды, бағандарды ауыстыру, жөндеу жұмыстарының атқарылу барысын өңір басшысы Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет аралап қарап шықты. Қобда трассасы бойындағы (Ақтөбе медицина орталығы мен Оңтүстік Батыс-2 тұрғын алабы аралығындағы учаске) учаскедегі, Рысқұлов, Бөкенбай батыр көшелеріндегі шамдарды жөндеумен айналысып жатқан түнгі кезекшіліктегі бригадалардың жұмыстарын барып көрді.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының өзінде және қалаға қарасты 54 тұрғын алапта 18500 жарық нүктесі бар, «ИнтерЭлектроКомплект» ЖШС келісімшарт бойынша күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізіп отыр. Мердігер ұйым басшысына 109 байланыс қызметіне тұрғындардан түсетін шағымдарды бақылауда ұстап отыру тапсырылды.

«Қалада 3 жылға жоспарланған 9 мың жарық нүктесін орнату бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру жалғасып жатыр. Бұл жұмыстармен жарығы жоқ көшелер және елді мекендер қамтылуы тиіс. Жаз көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Тезірек аяқтауымыз керек. Осы уақытқа дейін жарықтандырылмаған көшелердің тек жаңа тұрғын алаптарда ғана емес, осы қаланың ішінде де бар екені жасырын емес. Әрине, тұрғындардың “көшеміз қараңғы, қауіпсіз емес” деп айтатын шағымдары орынды. Әсіресе мектепке баратын жолдардың бойын назарға алу керек. Біз осы жарықтандыру мәселесін толық шешуіміз керек», – деді Асхат Шахаров.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button