Жаңалықтар

Мерейлі мереке

Халықаралық балаларды қорғау күнінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жатақханасы алаңында«Балалардың күлкісі —көркі, сәні әлемнің» атты мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шара аталған оқу орны мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті жатақханасында уақытша тұрып жатқан су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына арналып ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараға облыстық қоғамдық штаб төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, штаб мүшесі, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов, «Aktobe Open» халықаралық турнирін ұйымдастырушы, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов, Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары Хусан Турдалиев, белгілі гроссмейстер Владимир Дворковичтің зайыбы Галина Дворкович, сондай-ақ штаб мүшелері мен ата-аналар, бірқатар мектептердің басшылары қатысты.

Іс-шараны ашқан Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Балаларды қорғау күні — әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын  олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Amanat партиясы жас буынның білімді, саналы болып өсуіне, ана мен бала құқының қорғалуына қашанда қолдау білдіреді,— деді ол.

Бұдан кейін сөз сөйлеген штаб төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасылардың балаларын мерекемен құттықтай отырып, олардың ата-аналарына өз ризашылығын білдірді.

— Көріп-білгеніміздей, мұнда тұрып жатқан әр отбасында кемі 3-4 баладан тәрбиеленуде. Бұл орайда аналардың еңбегі зор. Сондықтан бүгінгі іс-шарада барша балаларды мерекемен құттықтай отырып, олардың оқуда озат, өнерлі де талантты, отбасында еркін әрі бақытты болуын тілеймін. Міне, оқу жылы аяқталып, балалар алаңсыз демалысқа шықты. Енді осы демалысты сәтті әрі тиімді өткізулеріне тілектестік білдіремін!— деді штаб төрағасы.

Мерекелік іс-шарада балаларға түрлі ойындар, флешмобтар, конкурстар ұйымдастырылып, аниматорлар кішкентайлардың көңілін көтерді. Мереке иелері ән айтып, би билеп, асфальтқа сурет салды. Барлық балаға естелік сыйлықтар мен балмұздақтар үлестірілді. Балалармен қатар, ересектер де көңіл көтеріп, бір серпіліп қалды. Балаларының мәз-мейрам болғанын көрген ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

Галина Дворковичәр отбасына естелік сыйлық ретінде шахматтар табыстап, ыстық ықыласын білдірді.

Одан әрі балалар мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Мерекелік концертті Ақтөбе қаласындағы №47, №71, №77, №66 орта мектептер ұйымдастырса, спорттық жарыстарды Сазды балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өткізді. Сондай-ақ облыстық жастар саясаты басқармасының өкілдері жатақхананың кішкентай тұрғындарына караоке-батл ұйымдастырды.

Айта кету керек, мұндай іс-шаралар Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжінің және Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жатақханасында да ұйымдастырылды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button