Жаңалықтар

Галадий пәтерлі болды

Баспана

1 маусым — Балаларды қорғау күні қарсаңында Мәртөк ауданындағы  «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының түлегі баспаналы болды.  Бозбалаға қаладан екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Салтанатты іс-шараға білім беру ұйымының қызметкерлері мен  облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.

«Жайсаң» арнайы білім беру ұйымына Галадий Вячеслав 2016 жылы «Алға» балалар үйінен келген.

Галадийге жетім әрі мүгедектігіне байланысты мемлекет тарапынан қаржы төленеді. Қаржының бәрі Галадийдің есепшотына түсіп отырды. Осы уақытқа дейін біраз қаржы жиналды. Екі бөлмелі пәтер алуға бір-екі миллион теңге жетпей қалған еді, «Мейірім» республикалық акциясы аясында демеушілер қолдау көрсетті. Осылайша бүгін, міне, түлегіміз екі бөлмелі пәтерге ие болып отыр, — деді «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының директоры Мұхаммеджан Ұзақбаев.

Тұрғындар қалашығы ауданындағы он қабатты үйден пәтерге ие болған бозбаланың қуанышында шек жоқ.

Көңіл күйім өте жақсы. Өзімнің үйім болатынына әлі сене алмай тұрмын. Өте қуаныштымын. Маған осындай жағдай жасаған мемлекеттің қамқорлығына ризамын, — деді Галадий.

«Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының қызметкерлері Галадийдің пәтерін ерекше қылып безендіріп қойыпты. Құтты болсын айтып келгендер жаюлы дастарқаннан дәм татып, сыйлықтарын берді. Облыстың  білім саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы ​Кенжеғазы Байғазин мен «Қамқоршылық -Забота» қайырымдылық қорының директоры Дмитрий Довматенко Галадийге ақ тілектерін айтып, баталарын берді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаев басқарма атынан теледидар сыйға тартты.

Облыста  837 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жас бар. Оның  123-іне пәтер берілді. Жалпы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына мемлекет тарапынан  қаржы түсіп отырады  және  олар пәтер кезегіне тұрады. Облыста мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлердің 20 пайызы осындай санаттағы азаматтарға беріледі. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды  мектеп бітіргеннен кейін жұмыспен және баспанамен қамту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Биыл осы мақсатта Президенттің тапсырмасыменелімізде «Мейірім» акциясы жарияланды. Ал біздің облыста осындай жобалар  бұған дейін де қолға алынған. 2016 жылы арнайы жол картасы жасалып, Кірпішті ауданынан «Мейірім» жастар үйі ашылды. Бұл жерде жастар 29 жасқа дейін тегін тұрады. Жұмыс істеп, тапқан табысын депозитке салып, үй алып кеткенше пәтер жағалап жүрмейді, — деді Дина Жаманбаева.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button