Жаңалықтар

Жел электр станциясының құрылысы басталды

Энергия

Хромтауда қуаты 150 МВт болатын жаңа баламалы энергия көзінің құрылысы басталды. Құрылыс нысанының басты инвесторы – «ERG» компаниясы. Бұл — аталған компания өз кәсіпорындарына декарбонизация бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатқан үлкен жоба.

Кәсіпорын басшылығы аталған нысанның құрылысын қытайлық  «SINOHYDRO CORPORATION LIMITED» компаниясына сеніп тапсырған. Аталған компания жел электр станциясының құрылысын екі жылда аяқтауды жоспарлап отыр.

Баламалы энергия көзінің алғашқы құрылыс жұмыстары нысан тұрғызылатын аумақта салтанатты түрде өткізілді. Іс-шараға аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов, сондай-ақ  «ERG capital» және «SINOHYDRO CORPORATION LIMITED» компанияларының өкілдері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі жобаның маңыздылығы мен артық тұсын алға тартып, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

Бұл — аудан әлеуеті үшін тиімді жоба. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін де маңызы зор. Себебі жаңа жұмыс орындарының ашылуы, электр қуатының таралу желісінің көбеюі сияқты факторлар әлеуметтік жағдайға оң әсерін тигізеді. Біз де өз кезегімізде серіктестерге қажетті және қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, — деді ол.

Жел электр станциясының жалпы аумағы — 150 гектар. Әлемдік ESG қағидаттарына сәйкес салынатын ЖЭС генераторларына желдің ең кемі секундына 3 метр қарқыны да жетіп жатыр. Жоба басшысы Валерий Шило мұны аудандағы ең ірі жоба ретінде атап өтті.

Жобаға сәйкес бұл паркте өндіріс ошағын қуаттайтын 24 негізгі баған есептелген. Бүгінде конструкциялық жұмыстар басталып кетті. Генераторлардың әрқайсысына ең кемі 24 киловатт қуат жинайтын бағандардың құрылысы келер жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда, — деді жоба жетекшісі.

Елімізде баламалы энергия көздерін өндіру әрі жетілдіру жолдары бір жолға қойылған. Жел электр станциясының артықшылығы — қоршаған ортаны ластамайды, қуат көзі ешқашан сарқылмайды.

 АЛМАТ ЗЕЙНОЛЛА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button