Жаңалықтар

Ақтөбеліктер тегін кеңес алды

Халық заңгері

Қазақстанның барлық ірі қалаларында кеше бір уақытта «Халық заңгері» акциясы басталды. Біздің облысымызда сағат 14.00-де акцияға келушілерді қабылдады. Іс-шараның ерекшеліктерінің бірі — барлық аудан орталығындағы Мәдениет үйлерінде қабылдау ұйымдастырылды.

Ақтөбеқ аласы тұрғындары мен қонақтары облыс орталығындағы көпшілікке танымал «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының үшінші қабатына шақырылды. Мұнда белгіленген сағатқа жеке алаң құрылды. Келушілерді қабылдау үшін отыз үстел қойылған. Тұрғындарға кеңес беру үшін адам құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл, бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Астана және Алматы аудандары әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жеке адвокаттар мен нотариустар, медиаторлар, сот орындаушылары дайын болды.

Дәстүрге айналған тегін білікті заңгерлік қызмет алуға келгендер көп болды. Олар қабылдау туралы ақпаратты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та алдын ала жарияланған хабарландырулардан білген.

— Акцияның өтетін орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұрын мұндай қабылдауларды Халық кеңсесінде өткіздік, тағы бірде «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Алдыңғы тәжірибені талдай келе, біз нақты нәтижеге қол жеткізу үшін осы орталықты таңдадық. Қажетті кеңес алу үшін кезек күткен адамдар көп болды. Көктемгі су тасқынына қатысты әлеуметтік мәселелердің шешімін іздеп келгендер де болды. Келушілердің денін баспана мен төлемақы алу, медициналық қызмет көрсету мәселелері толғандырады, — дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция бөлімінің бас маманы Әсел Жұмамұратова.

Аталған іс-шараны антикор, әділет департаменті, облыс, қала әкімдіктері ұйымдастырды. Олар акцияның халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігін айтады. Себебі бұл жерде қандай да бір мекемеге бару үшін кезекке тұрмайсың, алдын ала жазылмайсың, тек бір үстелден екінші үстелге ауысып отырып қажетті мамандардан кеңес алуға болады. Бұл жолы да «Халық заңгері» республикалық акциясына келушілер қарасы көп болды.

Сара ТАЛАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button