Жаңалықтар

Қыш ыдыстың құпиясы

Бір ауыл — бір өнім

Мәртөк ауданының тұрғыны,«Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысушы Аркадий Гогель қыштан түрлі ыдыстар жасайды. 

Аркадийдің саз балшықтан бұйым жасап жүргеніне жарты жылдай болыпты. Қолөнердің бұл түріне деген қызығушылықтың арқасында ол интернеттен қыш ыдыс жасаудың қыр-сырын меңгереді.

Саздан бұйым жасау — ежелден келе жатқан өнердің бірі. Ертеде адамдар саз балшықтан тұрмыстық бұйым жасауды білген. Сөйтіп, бірте-бірте сазды шарыққа салып, түрлі формада ыдыс жасауды үйренген. Бертін келе  ыдыстарды су жібермейтіндей берік болу үшін пешке салып күйдірген. Ол үшін әбден иленген балшықты дөңгелек табақшаға салып, шарықты шыр көбелек айналдырады. Қолөнердің бұл түрі сырт қарағанда оңай сияқты көрінгенімен, керамика ептілікті, төзімділікті, шеберлікті қажет етеді. Өнердің бұл түрімен айналысатын қолөнершілердің өз қолтаңбасы қалыптасады екен. Уақыт өте келе мен де бұл істі дамытатын боламын. Әзірге үй жағдайындағы пешті пайдаланып жатырмын. Алдағы уақытта арнайы цех ашу ойымда бар, — деді Аркадий.

Жергілікті және нарықтағы өнімнің сапасы мен құндылығын арттыру мақсатындағы «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысушылар үшін өтінім қабылдау басталыпты. Бұл жобаға қатысушылар жергілікті ресурстарды пайдалану арқылы жергілікті бренд қалыптастыруға тырысуы керек. Сондықтан аталған жоба жергілікті өнімдерді жасау үшін ауылдықтарды бұл іске ынталандыруға бағытталған.

Қазір қолөнер шебері түрлі формадағы құмыралар мен гүлсауыттар, шыныяқтар жасауға тапсырыс қабылдайды. Жасы алпысқа таяған шебер бүгінде Мәртөк ауылындағы ұйымдардың бірінде күзетші.

Ауылда шикізатқа қатысты мәселе жоқ. Бұл істе Ақсу ауылының саз балшығын пайдаланамын. Бұл төзімді әрі иілгіш материал ретінде сипатталады. «Өзіңді көрсет, өзгеге қара» қағидасы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысуға өтініш бердім. Біз сияқты бизнеске жаңадан келушілер мамандардың көмегіне мұқтаж. Мұндай жоба арқылы тауардың көлемін кеңейтуге және сату мәселесінде үлкен қолдау болады деп ойлаймын, — дейді Аркадий.

Алғашында әйелдер бизнесін қолдауға арналған жобаға биыл ер адамдардың қатысуына да мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде аталған жобаға қатысты палатаға 21 өтінім түскен. Жобаның өңірлік көрмесін өткізу іс-шарасы жаз айларына жоспарланып отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button