Суицид пен буллингтің алдын алу мәселелері өзекті
Өңір басшысының қатысуымен өткен жиында суицид пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиынға білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты басқармаларының басшылары, сондай-ақ құқыққорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде балаларды буллингтен қорғау жолдары және тұрғындар арасында өзіне-өзі қол жұмсауды тоқтату мәселесі қаралды.
Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аймақта суицид кеселі өршіген. Оның ішінде кәмелет жасқа толмағандар арасында. Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауының жалпы себебі қорқыту екені айтылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров барлық мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен бірлескен кешенді алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Аталған мәселе өңір басшысының жіті бақылауында.
«Негізгі жұмыс балаларға қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға бағытталуы керек. Ешбір бала құрбыларының немесе ересектердің қысымын көрмеуі керек, қорқытуларға жол берілмеуі тиіс. Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық деректері көбейіп барады. Балаларды құрбылары ұрып-соғу жағдайлары тіркелуде. Буллингті тоқтату үшін барлық мекемелер бірлесе отырып, бақылау және алдын алу шараларын күшейту керек», — деді облыс әкімі.
Жиында жауапты тұлғаларға суицидтік мінез-құлық көрсететін тұлғалармен жұмыс жүргізу, психологиялық қолдау көрсету және дер кезінде анықтау жұмыстарын жандандыру, әлеуметтік желілер арқылы қауіп-қатерді анықтауға бақылауды күшейту және жасөспірімдерге қолдау көрсететін «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығын қаржыландыру мәселесін шешу тапсырылды.
Д.АЙДАР.