Жаңалықтар

130 тонна қоқыс шығарылды

Сенбілік

6 сәуірде басталған екі айлық тазалық науқаны аясында облыстағы барлық  кәсіпорын мен мекеме ұжымдары әрбір сенбі сайын өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартуға тиіс. Аталған акция аясында мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен ірі кәсіпорын қызметкерлері және белсенділер сенбілікке шықты.

Қолдарына күрек, тырмасын ұстаған мекеме өкілдері түске дейін өздеріне бекітілген аумақты тазартты. Мәселен, Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова даңғылдарыныңбойы мен «Батырлар аллеясы» аумақтарын мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері күл-қоқыстан тазартты.

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл шараға барлық ақтөбеліктер белсене атсалысып жатыр. Мақсат — қаланы таза ұстау, жас ұрпақты осы бағытқа үндеу. Яғни шаһарымыздың тазалығы әрқайсысымызға тікелей қатысты. Сондықтан  ішкі саясат басқармасы, яғни барлық мекеме қызметкерлері бүгін бір адамдай жұмылып жұмыс істеп жатыр. Қыстан қалған қоқыстардың барлығын қапшықтарға салып, буып-түйіп қойдық. Қазір арнайы көліктер қоқыс полигонына  алып кетеді, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Жұмагүл Хантөреева.

Аталған науқанға үкіметтік емес ұйым мүшелері де өз үлестерін қосты.

Акцияның алғашқы сенбісінде ұйымнан 15 адам болып «Батырлар аллеясына» келдік. Бізге осы аумақ бекітілген екен. Қыстан қалған күл-қоқыстың барлығын жинап, қапшыққа салып, тазартып жатырмыз. Қазір 10 қап толды. Бүгін ауа да керемет болып тұр. Әп сәтте біраз жерді тазартып үлгердік. Жалпы,акцияға белсене қатысамыз. Келесі аптада да сенбілікке шығамыз, — деді «Проф Контакт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлдана Мұрзагереева.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан отызға жуық адам келген.

— «Тазалық — денсаулық кепілі» демекші, бүгінгі тазалық жұмыстарына ұжым болып үлес қосып жатырмыз. Көтеріңкі көңіл күймен бекітілген аумақтың жартысынан астамын тазартып тастадық. Үлкендердің жұмысын көрсін, үлгі алсын деген ниетпен немеремді де ертіп келдім. Ол да өзінің көмегін көрсетіп жатыр. Аумақтың бір бөлігінен  40 қапшық қоқыс шығардық. Жалпы осындай акциялар жиі өткізіліп тұрғаны жөн, — деді басқарманың бөлім басшысы Шынар Құрманбаева.

Сенбілікке қаланың Астана ауданынан  2500-ге жуық адам қатысты. Қоқыс шығаруға  28 техника жұмылдырылды. 38 көше мен 28 саябақ және 10-нан аса ескерткіш аумағытазартылды. Бір күнде  130 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ сыртқа шығатын жолдар және Оңтүстік айналма жолдардың  жиектері де тазартылды. Акция басталмас бұрын мамандар Астана ауданының аумағында орналасқан бизнес объектілеріне мониторинг жүргізді. Барлығы 2300 объект қамтылып, көгалдандыру және абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жадынамалар табыс етілді. Ал сенбі күні 500-дей бизнес орталығы өкілдері өз аумақтарын тазартты.

Жалпы, жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзған заңды және жеке тұлғаларға 340 ескерту жасалған. Сондай-ақ ережені бұзғандарға айыппұл салыныпты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button