Су тасқыны

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовпен бірге Мамыр мен Нұра елді мекендеріндегі көктемгі су тасқыны қаупіне байланысты жағдайды бағамдады

Ауылдардағы ахуалды әуеден қарап өтіп, Мамырда қалған ер-азаматтармен кездесті.

Ауыл тұрғындары тәулік бойы 2 метрге дейін бөгеттерді нығайтқан. Техникалар әлі де тоқтаусыз жұмыс істеуде. Облыс басшысының тапсырмасымен су басу қаупінің алдын алу үшін елді мекенге Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағымен қосымша күштер жұмылдырылды.

«Ырғыз ауданының Нұра ауылдық округіне Мамыр және Нұра ауылдары кіреді. Мамыр – шеткі ауыл, Қостанай облысымен шектеседі. Торғай өзенінен екі күн бұрын үлкен су келе бастады. Жергілікті азаматтар ауылды судан қорғап қалу үшін бөгеттерді екі метрге дейін көтерген. Ағыс әлі де бар, бірақ бірқалыпты. Ырғыз ауданының орталығынан қосымша 20 адамды жеткізіп, жұмыстарды жалғастырамыз. Мамырдың қасындағы Қостанай облысының ауылында қауіп сейіліп, ағыс бәсеңдеген. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіледі», – деді облыс әкімі.

Күні кеше Торғай өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіптің алдын алу мақсатында Нұра ауылдық округінің Нұра және Мамыр ауылдарынан 80 адам эвакуацияланды. Бүгін аудан орталығындағы эвакуациялық пункттерге 10 шақты тұрғын жеткізілді. Тағы Нұра ауылындағы әйелдер, бала-шаға, егде тартқан тұрғындар көшірілмек. Ырғыз ауылында 4 нысан эвакуациялық пункт ретінде ұйымдастырылған.

Мамырда – 152, Нұра ауылында 691 адам тұрады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button