Басты жаңалықтар

Қырғызстаннан Ақтөбе облысына гуманитарлық жүк келді

Жүк көліктері өңірге Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеевтің жетекшілігімен жетті. Ақтөбе облысына бауырлас елден 4 фураға тиелген 100 тонна гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, жылытқыштар және т.б. бар.

«Қырғыздар мен қазақтар – тату халық. Біз әрқашан бір-бірімізге көмектесуге дайынбыз. Екі ел мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынасымыз дами берсін», – деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Бообек Әжікеевпен кездесуде.

Облыс әкімінің атынан Қырғызстан министріне Алғыс хат табыс етті.

«Біз Қазақстанға Президентіміз Садыр Жапаровтың  және Қырғызстан халқының атынан келдік. Біз осы қиын кезеңде Ақтөбе облысының тұрғындарын қолдаймыз және бәрі де жақын арада қалыпқа келеді деп сенеміз. Біз Қазақстан халқына бірінші рет көмектесіп отырған жоқпыз. Әрдайым қол ұшын беріп,  халықтар арасындағы жылы қарым-қатынасты жалғастырамыз», – деді Бообек Әжікеев.

Келген гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету пункті ретінде ашылған «Анаға тағзым» орталығына жіберілді. Бұл орталықта жиналған заттар мен азық-түлік, қажеттілігіне қарай мұқтаж отбасылар арасында бөлініп, аудандардағы эвакуациялық пункттерге жеткізіледі

t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button