Басты жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Ақтөбелік Жолмұхамбетовтер отбасында екі ұлдан кейін үшем — Әдемі, Сұлу, Дара есімді қыздар өмірге келді.
Ерлі-зайыпты Даян мен Гүлсім Жолмұхамбетовтер Ақтөбе қаласында тұрады. Хромтау ауданының Қызылсу ауылында өмірге келген Даянның отбасы наурыздың соңғы аптасында үшеммен толықты. Бұл шаңырақтағы бес жасар Дінмұхаммед пен үш жастағы Нұрахмед қазір балабақшаға барады.
Жас босанған ана — Гүлсім Жолмұхамбетованың мамандығы — мұғалім.
Отыздан асқан көпбалалы әке Даян:
— Отбасым үшеммен толығып жатыр, қуанышымда шек жоқ. Өзім «Восход Ориел» кәсіпорнында вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Әкемнің жолын қуып кенші болдым. Он тоғыз жасымнан бері осы салада еңбек етемін, — деді.
Ақтөбе қаласындағы №26 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Гүлсім бүгінде бөпелерімен облыстық перинаталдық орталықта жатыр.
— Бөпелерімнің жағдайы жақсы. Туғанда 1920, 1630 және 1520 граммен өмірге келген қыздарым қазір салмақ жинап жатыр. Әзірге осы апта перзентханада боламыз, — деді Гүлсім.
Сәбилердің анасы құрсағында үшемнің барын білгендегі алғашқы әсері туралы былай дейді: «Іштей қатты таңғалдым. Құрсағыма осындай үш бірдей нәресте салып берген Аллаға шүкір айттым. Әрине, қуандым. Қорқыныш сезімі де болды. Бөпелерім өмірге мерзімінен бұрын келді. Дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алды».
Даянның айтуынша, сәбилердің жағдайы жақсы, бір аптаның көлемінде үйге шығарып қалады деген болжам бар.

Ләззат ӘБДІРОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button