Басты жаңалықтарСу тасқыны

ШЫҒЫН ЕСЕПТЕЛІП ЖАТЫР

Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты материалдық шығынды есептейтін комиссия екі күнде 1237 өтініш қабылдады. Өтініштер эвакуациялық пункттерде және аудандардағы әкімдіктерде қабылданып жатыр.

Облыста су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен су тасқынына қарсы жедел штабтың жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша құрылған арнайы комиссия төтенше жағдай жарияланған Әйтеке би, Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл аудандарында және Ақтөбе қаласында әуелгі кезекте саяжай аумақтарындағы суға кеткен үйлерді аралап, шығындарды есепке ала бастады. Материалдық шығынды есептеу үшін құрылған комиссия екі күнде 1237 құжат қабылдаған. Оның ең көбі, яғни 732-сі облыс орталығындағы Алматы ауданы тұрғындарынан түсіпті.

Біз де осы Алматы ауданын аралап жүрген комиссия өкілдеріне қосылдық. Барсақ, Мясокомбинат-1 бау-бақша ұжымының тұрғындары аяқтарына су етік киіп алып, суға кеткен үйлерін жағалап жүр. Өздері мектепке орналасқан тұрғындар баспанасының қазіргі жағдайын көріп кету үшін ғана келіп кетеді екен.

— Мясокомбинат-1 бау-бақша ұжымында тұрамыз. Күйеуім Айбат екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. 2017 жылғы су тасқынында бір бөлме ғана дымқылданды, бірақ үй суға кетпеп еді. Сосын алаңсыз отыр едік. Үйге су кірген мезгілде тұрмыстық техниканы биіктеу жерге қойып, құжаттарымыз бен балалардың оқулықтарын алып шықтық. Үйдің бәрі суға кетті, қабырғасы құлағалы тұр, тіреуішпен тіреп қойдық. Үш баланы ертіп, №22 орта мектептегі эвакуациялық пунктке бардым. Күйеуім жүк көлігін жүргізеді, қазір ол жолда жүр. Төтенше жағдай 5 сәуірге дейін жарияланғанын білеміз. Мектепте үйдегідей жағдай жоқ болғасын, туысқандардың үйіне уақытша бара тұрайық десек, мемлекеттік қолдау-көмектен құр қаламыз ба деп отырмыз. Әйтпесе, үш баламен кімнің үйіне сыясың? Мектептен шыққан соң барар жеріміз жоқ. Несиеге де үй ала алмаймыз, мен үйде отырмын, күйеуімнің табысы жетпейді. Есік алдына 7 жылдан бері ақырындап үй салып жатырмыз. Тым болмаса, жергілікті әкімдік соны бітіруге көмектессе екен, — дейді Аяна Қасымова.

Эльмира Өтебалиева — төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана.

— Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Күйеуім қайтыс болған. Екі қызым студент, екі балам — оқушы. Іргетасы биік болған соң үйімізге су жетпеді, алайда ауламызға су кіріп, су сорғысы істен шықты, септик суға толды. Жаз сарайымызға су жетіп, ішіндегі тұрмыстық техникаларымыз бүлінді, — дейді Эльмира Өтебалиева.

Аталған ұжым аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың үйі де суға кетіпті.

— Үйдің жағдайы — осы. Осы аумақтағы біраз үй тасқын зардабын тағы тартты. Жеті жыл бұрын да осындай су тасқыны болып, үйіміз суға кеткен еді. Ол кезде қазіргі үйдің орнында кішкентай үй болған. Су шайып кеткен соң орнына осы үйді тұрғызған едік. Бұған да су кіріп кетті. Көмек берулеріңізді сұраймыз. Ата-анам туғаннан естімейді, сөйлемейді. Інім екеуміз сау боп туғанбыз. Өзім студентпін. Бәйішев университетінде оқимын. Інім №31 орта мектепте оқиды. Сол мектептегі пунктте орналастық. Үш күн мектепте қондық. Біз әкем екеуміз үйді қарауға келіп-кетіп жүрміз, — дейді мүмкіндігі шектеулі жандардың баласы Жандарбек.

Банктен несие алмауға тырысып, күйеуі екеуінің табысына үй көтеріп, оның ішін жөндеп кірген Арайлым Тоқсанбаева да көз алдында маңдай тері мен алтын уақытының қызыл суға шайылып кеткенін көріп, шарасыздықтан жылап алғанын айтады.

— Бұл — өз еңбегімізбен салынған үй. Несие алмадық, ешкімнен қарыз сұрамадық. Төрт балалы болдық, әр бала бір жасқа толғанда жұмысқа қосылып отырдым. Балаларымыз бірін-бірі бақты. Қазір бәрі де мектеп оқушылары. Кілең ұл болғасын, масылдыққа үйреткім келмей, керісінше, шаруаға епті болсын деп, жер үйде тұруды мақсат еткенбіз. Маңдай терімізбен салынған үйіміздің әп сәтте быт-шыты шығады деп кім ойлаған? Туысқандардың үйін уақытша паналауға тура келді. Саяжай аумағында тұратындардың дені — әупірімдеп жүріп, өз күшімен үй салып алғандар. Табиғаттың тосын мінезі бәрімізге ауыр соққы болды. Халық бірі-бірінен көмегін аяп жатқан жоқ. Арнайы комиссия құрылып, шығын есептеп жүргесін, мемлекет тарапынан бір қолдау болар деп, үміттеніп отырмыз, — дейді Арайлым Тоқсанбаева.

Қалалық тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы бөлімінің Алматы ауданы бойынша бас маманы Алмас Селубаевтың айтуынша, Алматы ауданы бойынша тасқыннан зардап шеккен аумақтар — ең әуелі Елек өзені бойындағы бау-бақшалар, Қурайлы мен Өрлеу тұрғын алаптары.

Алматы ауданы әкімдігінен шыққан комиссия әуелі «Абрикос» бау-бақша ұжымын араладық. Үйдің қабырғасы құлап тұр ма, әлде тұрмыстық бұйымдарға зақым келді ме, соның бәрін қағазға түртіп, тіркеп жүрміз. Суретке түсіреміз. Жинаған материалдың барлығын әкімдікке апарып, тапсырамыз. Мәселен, «Абрикос» аумағында саманнан салынған 3 үйдің құлағалы тұрғанын көрдім. Қазір «Мясокомбинат-1» бау-бақша ұжымында тұрмыз. Мұнда да үйлердің жартысы суға кеткен, тұрғындардың пайдаланып отырған тоңазытқышы, су сорғысы, басқа да техникалары істен шыққан. Осыдан соң «Вишневый сад» аумағына барамыз, — дейді Алмас Селубаев.

Қазіргі кезде тек Алматы ғана емес, Астана ауданында да комисссия мүшелері су кірген үйлерді аралап жүр. Комиссия аралаған кезде үйлерінен табылмаған тұрғындар алаңдамауларына болады. Себебі тасқыннан зардап шеккендердің өтініштері Ақтөбедегі №18, 45, 8, 2, 14, 31, 22, 36, 26, 16, 40, 47, 30, 12, 5, 71, 53, 57, Қызылжар және М.Арын атындағы мектептерінде ұйымдастырылған эвакуациялық орталықтарда және Алматы мен Астана аудандарының әкімдіктерінде қабылданады.

Ал Ойыл ауданы бойынша өтініштерді Ш.Бекмұхамбетов атындағы мектеп-гимназия, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен аграрлық колледжінде қабылдап жатыр. Қобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Темір аудандық әкімдіктері мен Саркөл, Алтықарасу және Кеңесту ауылдық округтерінің әкімдіктерінде де комиссия тұрғындардан өтініш қабылдауды бастады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button