Басты жаңалықтар

Ақтөбе әкіміне тазалық айлығын жариялау тапсырылды

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы оннан астам өзеннің (Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор) деңгейінен асуына байланысты 5 ауданда (Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл) және облыс орталығында төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны салдарынан 761 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды.

«Су тасқыны салдарынан 6931 адам  қауіпсіз орындарға көшірілді. Дайындалған орындар саны — 15 337. Сонымен қатар 7072 жануар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап жатыр», — деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Жиын барысында тасқын кезінде су шайған республикалық маңыздағы, сондай-ақ облыстық, аудандық автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарының атқарылу барысы баяндалды. Бүгінде су шайған 20 автомобиль жолында қатынас  қалыпқа келтірілген.

Отырыста облыс әкімі әлі де босаңсуға болмайтынын, су тасқыны аяқталмағанын, жұмысты жіті қадағалауда ұстау қажеттігін баса айтты.

Сонымен қатар ол Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетке жақын аралықта тазалық айлығын жариялап, шаһар аумағын күл-қоқыстан толықтай тазарту керектігін, ол үшін бұл іске мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдарды жаппай жұмылдыру қажеттігін қатаң тапсырды.

 t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button