Басты жаңалықтар

ШУАҚТЫ МЕРЕКЕДЕГІ ШАТТЫҚ

Амал мерекесі — көрісу күніне орай Ақтөбе қаласының қоғамдық орындарында, көп қабатты үйлердің ауласында мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Белсенді тұрғындардың игі бастамасын атқарушы билік өкілдері қолдап, арнайы құттықтап барды.

Таңғы сағат 10-нан бастап көпшілік жиналатын жерлерде мерекенің сәні — бауырсақ пен көже таратылып, шағын концерттік бағдарлама ұсынылып жатты. Ал Есет батыр тұрғын үй алабына қарасты 2-шағын ауданы 16 «В» көп қабатты үйдің ауласында белсенді тұрғындар киіз үй тігіп, дастарқан жайды. Ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталған іс-шара барысында жастар гір көтеріп, арқан тартудан сынға түсті. Жерлес өнерпаздар ән-термені әуелетті. Өзара тату, ұйымшыл көршілердің басқосуына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет те барды.

— Баршаңызды көрісу күні — Амал мерекесімен құттықтаймын! Рамазан айына тұспа-тұс келген мерекеде ең алдымен тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. 

Бүгін — халқымыздың дәстүрімен үлкендерге сәлем беріп, көрісетін күн. Мен халықтан үлкен емеспін ғой, ораза болса да, осы мерекенің қуанышын сіздермен бөлісейін, көрісейін, ризашылығымды жеткізейін деп келдім.

Сіздер бұл мейрамды тұрғындар болып, өздеріңіз бірігіп өткізіп жатқандарыңызға қуаныштымын. Мұндай ауызбіршілікті өзгелерге үлгі қылуымыз керек.

Жалпы, бүгін қаламызда, елді мекендерде көрісу күніне арналған іс-шаралар кең көлемде өтіп жатыр. Одан бөлек сіздер сияқты 10-нан астам көп қабатты үйдің ауласында тұрғындар мерекені өздері ұйымдастырып тойлап жатыр.

Ең бастысы, береке-бірлігіміз нығая түссін. Әр отбасына шаттық тілеймін. Наурыз жыл басы десек, бүгінгі Амал мерекесі — наурыздың басталған күні. Мереке құтты болсын! — деді қала әкімі.

Осынау мерекелік дастарқаннан дәм татып, көпшілікпен мәре-сәре боп жүргендердің арасында ардагер ұстаз, осы үйдің тұрғыны Моншақ Иманғалиева да бар.

— Кейбір туысыңнан көршіңді жақын тұтатын кездер болады. Тек бүгін ғана емес, мен көршілеріммен әрдайым мақтанып жүремін. Осы қатарлас орналасқан 3 көп қабатты үй тұрғындары кез келген мерекені атаусыз қалдырмайды. Жаңа жылда аулаға шырша қойса, Наурыз мерекесі қарсаңында осылай киіз үй тігеді. Бір-бірімізді құттықтап, көрісіп, қолдан келгенше барлық салт-дәстүрді сақтауға тырысамыз. Бұны көрген бала, немерелеріміз де өзара тату, қай кезде де бірге жүреді. Бүгін қала әкімі келіп, біздің думанға қатысқаны қуантады. Балалар ойнайтын алаңды көптеп салса, автотұрақтың санын көбейтсе деген тілегіміз бар, — дейді әжей.

Мерекелік іс-шарада Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин жиналғандарға батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Көрісу күнінде Тұрғындар қалашығы шағын ауданындағы базарда да ән-жыр толастамады. Саудагерлерді Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы құттықтап келді. Олар халық әндерін шырқап, жиналғандардың көңіл күйін көтерді.

— Біздің ұжымдағы бір топ әншілер осы Амал мерекесінің өз деңгейінде өтуіне атсалысып, арнайы керуен-бағыт жасады. Сол бойынша Орталық, «Шығыс», Тұрғындар қалашығы базарларын аралап, сондағы сатушылар мен келушілерге шағын концерттік бағдарлама ұсынып жатыр. Ернар Алтын, Сәбина Панабаева, Ұлан Досмұратов, басқа да әншілеріміз өнер көрсетті. Негізі, бүгін бүкіл әншілеріміз жер-жерде осылай шуақты мерекеге өз үлесін қосып жатыр, — дейді Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ақбөбек Жанәділова.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button