Жаңалықтар

«Едіге деген ер еді…»

Әдеби-танымдық кеш

«Едіге деген ер екен…». Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназиясында өткен әдеби-танымдық кеш осылай аталды. Іс-шара «Ұлттық сезім. Ұлттық тіл. Дара дәстүр» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні апталығы аясында «Руханият» әдістемелік бірлестігінің ұйытқы болуымен өткізілді.

Іс-шара барысында ұлттық құндылықтар, ұлттық өнер, ұлттық ойындар дәріптелді. Апталықтың шоқтығы биік шарасы — «Едіге деген ер екен…» әдеби-танымдық кеші. Шарада едігетанушы ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанта ғылымды әңгіме айтты.

«Едіге батыр» жыры қазақ зерттеушілерінің назарына ерте іліккен. Бұл туындыны Қазан төңкерісіне дейін Шоқан Уәлиханов хатқа түсіріп, орыс тіліне аударған. Кейін бұл істі Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар қолға алған.

Ер Едігенің үлкен еңбегі сол — іргесі сөгіле бастаған Алтын Орданы қалпына келтірген. 1398 жылы Литваның, Польшаның, Батыс Ресейдің біріккен әскері Алтын Орда аумағын бөліп алмақ болған. Алтын Орданың ханы Темір жаумен Борсықты деген жерде, қазіргі Қазақстанның батысының Ресеймен шектес аумағында кездескен. Еділ мен Жайық арасында ұлысты басқарып отырған Едіге осы соғыста керемет ерлік көрсеткен.  Үш жыл бойы дайындалып келген еуропалық әскерді тас-талқан етіп,Киевке дейін қуып барады. Мұны тарихшы Карамзин «Мұндай жеңісті Бату да, Шыңғыс хан да көрген жоқ» деп жазады. Бұл түркілер үшін шешуші майдан болған еді, — деді Жұбаназар Асан.

Жалпы жыр — түркілердің жыры. Қазақтардың өзінде жырдың 14 нұсқасы бар. Шоқан, Нұрым, Нұртуған нұсқалары халық арасында кеңінен таралған. Шо­қан нұсқасы — 1400 жол. Ең көлемдісі —  қарақалпақтіліндегі нұсқасы, ол 16328 жолдан тұрады. Мұны Қияс нұсқасы деп те атайды. Ал Өтенияз нұсқасы 14 мың жолға жақын. Нұсқаның көлемі ғана емес, саны жөнінен де «Едіге» жыры бірінші орында. Түркі халықтарында жырдың 50-ге тарта нұсқасы бар.

Кеш барысында «Ер Едіге» жыры бойынша жыршылар сайысы өтті. Гимназияның 6,7,8-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған жарыс тартысты өтті. 13 оқушы «Ер Едіге» дастанын академик Қ.Сәтбаев нұсқасы бойынша жоғары деңгейде жырлады.

Жыршылар өнеріне ғалым Жұбаназар Асан бастаған қазылар әділ баға берді. Қорытындысында 8 «в» сынып оқушысы Саят Наурызалы үздік атанды.

Ақмарал СҮГІРБАЕВА,

№78 мектеп-гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button