Жаңалықтар

Ақпан: анық сынақ айы болды

Шолу

Биылғы ақпанның аязы мен қарлы борандары қоянның қаһарын анық сездірді. Бұл әсіресе алыс жолға шыққан көлік иелері мен жолаушыларға айтулы сынақ болды. Жергілікті биліктің жедел қимылы мен ілкімді іс-әрекеті нәтижесінде қауіпті жағдайларға жол берілмеді.

Ақпан ақырын-ақырын шегініп, наурызға жол бергенімен, қыстың соңы қаншаға созылары әлі белгісіз. Сондықтан енді есік қаққан бұл айдың жылуы молырақ болсын деп тілейік.

800-ден астам жұмыс орны ашылады

Өткен жылдыңқорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,1 триллион теңгеге жетті. 800-ден астам жұмыс орны ашылып, жалпы құны 56,9 миллиард теңгеге 18 инвестициялық жоба іске асырылды.

Биыл облыста тағы 800-ден астам жұмыс орны ашылып, жалпы құны 201 миллиард теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Инвестициялардың жаңа толқынын тарту үшін арнайы экономикалық аймақ (мультимодальды көлік-логистикалық хаб) құру көзделуде. Бүгінгі күні тұжырымдама әзірленуде, сондай-ақ әуежай ауданынан жер учаскесі бөлінді.

Ақтөбе-Қандыағаш: жол құрылысы биыл аяқтала ма?

Билік органдары биыл бұл мәселенің түбегейлі шешілетінін мәлімдеді.

Президент бұған дейін Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Хромтау, Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз жолдарын ретке келтіруді тапсырып, бұл жобаларды жедел қаржыландыру қажеттігін айтқан еді.

Ақтөбе-Қандыағаш жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын «СинеМидасСтрой»/«Тодини Конструкциони» (11-52 шақырымы) және «Ақжол құрылыс»/«АзВирт»/ «Ассана ДорСтрой»(52-100 шақырымы) мердігерлік ұйымдары орындауда.

Ұзындығы 96 шақырым жолдың жаңа учаскесінде 18 көпір, 76 құбыр орнатылмақшы.

Ауыл әкімі — тұрғындар таңдауында

Хромтау ауданының Абай, Бөгетсай ауылдарында әкім сайлауы өтті.

Абай ауылында әкім болуға үш үміткер дауысқа түсті. Бұл жерде сайлаушылар тізіміне 240 адам енгізілген.

Бөгетсай сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 939 адам енген. Мұнда ауыл әкімдігіне төрт үміткер таңдалды.

Абай ауылдық округінің әкімі болып  Махамбет Сүйіналин сайланды. Ал бөгетсайлықтар таңдауы Еркебұлан Қауановқа тоқталды.

Мұндай сайлаулар Қобда ауданының Сарыбұлақ, Сөгәлі, Мұғалжар ауданының Қ. Жұбанов ауылдық округінде, Шалқар ауданының Кішіқұм және Тоғыз ауылдық округтерінде де болып өтті.

«Қарызсыз қоғамға» қадам

Облыста «қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жыл соңына дейін өңірде сегіз мың адам тегін курстан өтіп, қаржылық сауаттылығын нығайтады.

Жоба аясында банктер мен қаржы институттары, сондай-ақ аталған жоба менторлары үйлесімді жұмыстар жүргізуге тиіс.

Қазіргі уақытта жобаға қатысушылар бес күн бойы теориялық білім алады, оларға жеке сауалдары бойынша менторлар мен заңгерлер тегін кеңес береді.

Негізінен, аталған жобаға жасы он сегізден асқан, несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған жергілікті тұрғындар қатыса алады.

Жастар басқармасы іске кірісті

Президенттің жастарды қолдау туралы тапсырмасы аясында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы араға үш жыл салып, өз жұмысын қайта жандандырды. Оның басшысы болып бұған дейін Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мирхан Ермағанбетов тағайындалды.

Жергілікті жастардың жан-жақты, жаңашыл, білімді болуына бұл құрылым бастамашы болады деп күтілуде.

Басқарма облыс халқының 28 пайызын құрайтын, яғни 267 мың жастың әлеуметтік және тұлғалық дамуына, жұмыспен қамту шараларына ықпалын тигізбекші. Сондай-ақ өңіріміздегі жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсетеді.

Филармонияның сексенінші белесі

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрылғанына биыл 80 жыл толады. Мәдениет ошағының сексенінші маусымы ашылғалы мұндағы ұжымдар әртүрлі іс-шараларды жүзеге асыруда.

Қазақ музыкасының атасы Ахмет Жұбановтың бастамасымен негізі қаланған филармония тарихы 1944  жылдан басталады. Тоқсаныншы жылдардың аяғында филармонияға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткері, КСРО халық артисі, композитор Ғазиза Жұбанованың есімі  берілді.

Мәдени мекемеде қазір оннан астам ұжым еңбек етеді. Олардың қатарында Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы, классикалық музыка ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Екі езу» сатира театры, композитор Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі бар.

Жақында филармония ұжымы өнерсүйер қауымға «Қыз Жібек» операсының концерттік нұсқасын ұсынды.

* * *

Міне, наурыз да басталды. Бұл — жанға жайлы жылылық пен сәулелі сәттердің символы іспетті ай.

Наурыз — жаңа жыл басы. Жарығы мен шуағы мол болсын бұл айдың!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button