Шегіртке шырылы естілсе…

Маман кеңесі
Италиялық прус (Calliptamus italicus L) — елімізде кең таралған көпқоректі зиянкес, солтүстік және батыс өңірлерде көп шоғырланған саяқ шегіртке. Шабындық, жайылым жерлерді, көбіне Қазақстанның далалық және шөлейт аймақтарының құмды далалы өңірлерінде кездеседі. Ол дәнді-дақылдарды, жоңышқа, майлы дақылдарды, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін зақымдайды.
Зиянкес жылына бір рет өсіп-өнеді. Олар жұмыртқа фазаларында алдын ала топыраққа салған күбіршенің іштерінде қыстап шығады.Италия шегірткесінің дернәсілдері 35-45 күнде дамиды. Даму кезеңінде төрт-бес рет түлеп, 4-5 жасқа өтеді. Химиялық өңдеу жұмыстарын дернәсілдердің 2-3 жасында жүргізгенде инсектицидтердің тиімділігі жоғары болады.Жоспар бойынша мониторингтік тексеру мерзімдері 4 кезеңге бөлінген: көктемгі, көктемгі-жазғы, жазғы, күзгі.
Сыртқы құрылысы: ересектерінің (имаго) денесі орташа, дернәсілі (аталығы — 14,5-28,7, аналығы — 21,9-41,6 мм) көзі сопақша, оның ұзындығы енінен екі есе артық. Қанатының үсті жақсы жетілген (аталығының ұзындығы — 10,4-22,2мм, аналығының ұзындығы — 14,2-32,0 мм) жүйкелері сиректеу. Артқы қанаты үстінен біраз қысқа, салыстырмалы түрде жіңішкелеу. Артқы саны біршама толық және қысқа, санының ұзындығы оның ең үлкен енінен 3,2-3,8 есе артық. Түсі әртүрлі: қоңыр-қызыл, сұрғылт қоңыр, қоңырқай, қызыл-қоңыр, аздап ашық және ақшыл түстілері көп ұшырасады. Ашық түсті ұзын жолақтар (әсіресе бүйір және жон арқасының бойында) және дақтарыкөп. Артқы қанаты әдеттегідей қызғылт. Артқы сирақтары қызыл, қызғылт немесе қызыл-қоңыр, кейде тіпті ақшыл түсті. Күбіршектерінің пішіні аздап доғаша иілген цилиндр тәрізді, ұзындығы 22-42 мм-ге дейін болады.
Күбіршекнегізі екі бөліктен тұрады: Көбіктен және жұмыртқа капсуласынан. Көбіктің биіктігі — 10-21 мм, диаметрі — 3,5-4,0 мм, түсі — ақшыл-мөлдір, ірі түйіршекті. Жұмыртқа капсуласының ұзындығы —10-22 мм, диаметрі — 5,5-5,6 мм, қабырғасының қалыңдығы — 0,2-0,5 мм. Жұмыртқалары жирен түсті, саны 30-45 дана, күбірше қабырғасына 45-800 бұрышпен тығыз 4 қатарға орналастырылған. Олар жирен түсті буалдыр бекітуші көбікпен толтырылған.
Күресу шаралары: шегірткелерге қарсы күресте агротехникалық, химиялықжәне биологиялық тәсілдері қолданылады. Шегірткелерге қарсы күресу шараларын олардың сандарына бақылау жасаудың нәтижесіне қарап жүргізеді. Дернәсілдерді есепке алу жұмыстарын таңертеңгілік немесе кешкілікарнайы маршрутпен жүріп, 100 метр сайын 2 шаршы метр алаңқайда көзбен шолып жүргізіледі немесе рамканың көмегімен әрбір секірген шегірткені санап, кейін 1 шаршы метр жерде қанша болғандығы әдістемелік нұсқаулыққа сүйене отыра анықталады.Үйірлі шегірткелерге қарсы 1 шаршы метр жерде экономикалық зияндылық шегі 3 дана және оданда көп дернәсіл болғанда зиянкестің ошақтары химиялық препараттармен өңделуге тиіс.
Алдын алу шараларының маңыздысы — ерте көктемде шегірткелер табылған егістік танаптарды бізтұмсықты немесе дискілі тырмалармен өңдеу. Химиялық өңдеу жұмыстары дернәсілдер қанаттанғанға дейін 2-3 жас кезде жүргізілсе, тиімділігі жоғары болады. Егер бір алқапты мекендеген шегірткелердің түрі көп болса, жұмыртқалардан әр мезгілде шықса және әртүрлі болған жағдайларда ұзақ уақыт әсер ететін инсектицидтерді пайдаланған дұрыс.
Рахметолла СЕЙІТОВ,
Ақтөбе қалалық аумақтық
инспекциясының өсімдік
қорғау және карантин жөніндегі бас маманы.



