Білім

«Қонаев — қазақтың қанағат мектебі»

Мектеп

Аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, таукен инженері, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев — халқының келешегі үшін қалтқысыз қызмет еткен басшы.

Дінмұхамед Қонаев 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Оған дейін ұзақ жылдар бойы алдымен — Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, одан соң Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып еңбек еткен.

Дінмұхамед Қонаев 1955-1959 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесін басқарып, 1960 жылғы қаңтарда Қазақстан компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Алайда сол тұстағы КСРО басшысы Н.Хрущев өз билігін нығайтып алғаннан кейін Қазақстан аумағына көз алартып, облыстарды Тың өлкесіне бөлу, Маңғыстауды — Түрікмен КСР-іне, ал оңтүстіктің бірқатар аудандарын Өзбек КСР-іне беру сынды «бастамалар» көтерумен болды. Бұл саясатты республиканың басшысы қолдаған жоқ. Сондықтан ол өз лауазымынан шеттетіліп, 1962 жылдың соңынан бастап екі жыл бойы қайтадан Қазақ КСР Министрлер кеңесін басқарды.

1964 жылы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметіне оралды. Республиканы ол 1986 жылдың соңына дейін басқарды. Бұл кезең халық жадында «Қонаев заманы» деген атпен қалды.

Әрине, бүкіл КСРО тарихында бұл кезеңнің өз қиындықтары, қайшылықтары көп болды, тіпті «тоқырау заманы» аталып, түрлі сындар айтылғаны да белгілі.

Алайда нақ осы тұста Қонаевтың республиканың өндірісін, ғылым саласын, қазақтың әдебиеті мен өнерін өрге сүйреген көптеген істерге ұйытқы болғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Дінмұхамед Қонаев — туған халқының әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне барынша жанашыр тұлға. Бұл сол заманғы қаламгерлердің, өнер қайраткерлерінің естелігінде де айтылады. Мысалы, белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі Нұрғиса Тілендиев: «Димаш ағаның қолдауын көп көрдім. Ізін басқан інісінің игі істеріне жаны сүйсініп дем беруші еді. Еркелете жүріп өнер майданына, оның алғы шебіне жіберетін», — дейді.

Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров айтқандай: «Қонаев республика үшін игілікті мол істер мен жоралғылы ізгі жақсылықтар жасады. Қазақстан өзге республикалардан көш ілгері озып, лайықты орынға ие болды. Сол кезеңдерде республиканың ғылыми күш-қуаты күрт өседі. Ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттары көрініс тауып, республиканың өндіргіш күштерін өркендетуге тікелей атсалысатын талапты да талантты ғылыми кадрлар тобы нығайды».Қонаевтың өзі де ондаған ғылыми еңбек жазды.

Дінмұхамед Қонаев басқарған жылдары Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 8,9 есе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі — 6,2 есе, құрылыс саласы 8 есеге өсіп, республикада 43 қала салынды. Оның әсіресе республиканың сол кездегі астанасы — Алматы қаласын көркейтуге көп еңбек сіңіргені баршаға мәлім.

Сонымен бірге халқы Қонаевтың жеке басының тұлғалық қасиеттерін, оның білімділігін, қиын сәттерде қазақтың көптеген перзентіне қол ұшын созған жанашырлығын орынды мақтан етіп келеді. Ақын Темірше Сарыбаев: «Қонаев — қазақтың қанағат мектебі, адалдықтың өлшемі», — дейді. 1950-жылдардың алғашқы жартысында репрессия елесі қайта бас көтеріп, Мұхтар Әуезовті «академиктер қатарынан шығарып тастау» мәселесі қозғалды. Осы тұста Қонаев оны қуғын-сүргіннен аман алып қалуға тырысқан.

Олжас Сүлейменовтің 1975 жылы басылып шыққан «Аз и Я» кітабына КСРО-ның жоғары билігінде отырған тұлғалар шүйліккені белгілі. Ал республика басшысы Қонаев кітап авторына араша түсті. Кейіннен Олжас Сүлейменов өз естелігінде:«Қонаев туралы көп нәрсе айтуға болады. «Ази Я» кітабы шыққан кезде ол мені қорғап қалды. Брежневке бәрін түсіндіріп, енді мені қудалаудың жөнсіз екеніне көзін жеткізді», — деді.

Ел жадында ақылды басшы, халқының қамқоры, текті тұлға ретінде қалған Қонаев бейнесін құрметтей отырып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету — біздің парызымыз.

Күләш ҚАЛИЕВА,

№75 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,

тарих пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button