Жаңалықтар

Ақтөбеде боранды күні көлік алдына түсіп 36 км жүгірген құтқарушылар марапатталды

Төтенше жағдайлар министрлігі ақтөбелік құтқарушыларды марапаттады. Оларға «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі, алғыс хат берілді.

Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов 6-10 ақпан күндері аралығында өз жұмысын адал атқарып, науқастарға, жолда қалған адамдарға көмектескен бір топ қызметкерге министрлік марапатын табыстады.

Хромтау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Алмағамбетов, Облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметі № 6 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Мейрамбек Доспаев, «Жедел-құтқару жасағы» РММ бас құтқарушысы Айқын Оңалбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін тақты.

Сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметінің 9 қызметкері ҚР Төтенше жағдайлар министрінің грамотасын алды.

Олардың қатарында өрт сөндіру автокөліктерін жүргізу жөніндегі аға нұсқаушы, жүргізуші-қызметкері, өрт сөндіруші-құтқарушылар бар.
№ 8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Аманжол Жалғасов, № 9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Әлімбек Төребеков, № 6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Асылхан Қанатбаев, № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрболат Тәжіғұлов, «Жедел-құтқару жасағы» РММ бас құтқарушысы Ғалымбек Әбдіжәмілов министрліктің алғыс хатын алды.

Еске салсақ, № 8 өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері боранды күні Мұғалжар ауданының Басшилі ауылында науқасқа көмектесу үшін көлік алдына түсіп жаяу жүгірді.

Олар барып қайту үшін 36 шақырымды еңсерді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button