Камералдық бақылаудың нәтижелері қандай?
Дөңгелек үстел
Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінде «Мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтарды болдырмау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Департамент басшысының орынбасары Анар Ирғалиеваның төрағалығымен өткен іс-шараға аудандық білім бөлімдерінің, сондай-ақ қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшылары қатысты.
Алдымен сөз алған Анар Ирғалиева 2023 жылғы камералдық бақылау нәтижелеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 4-тарауына сәйкес мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, яғни Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізеді.
Камералдық бақылау мемлекеттік аудит объектілеріне бармастан, осы заңда және камералдық бақылау жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі бойынша әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізіледі.
Өткен жылы камералдық бақылаумен 508 973,5 млн теңге сомасына жоспардың 23 436 лоттары мен пункттері қамтылып, 49 224,2 млн теңгеге 3 511 лот бойынша бұзушылықтар анықталып, 3 511 хабарлама жіберілген.
— Былтыр департамент камералдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жолданған хабарламаларды орындамау немесе тиісті түрде орындамау себептерімен 462 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолдаған болатын.Бүгінде 461 әкімшілік іс қанағаттандырылып, құқықбұзушыларға айыппұл салынды. Сондай-ақ хабарламаларды орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған 9 мекеменің шығыс операциялары тоқтатылды, — деген департамент басшысының орынбасары аталған мекемелерде хабарламада көрсетілген бұзушылықтар жойылып, шығыс операциялары қайтадан жаңартылғанын айтты.
Дөңгелек үстел қатысушылары өзара пкірі алмасып, мемлекеттік сатып алуға қатысты сұрақтарын қойды. Кейбір аудандық білім бөлімінің басшылары әр ауданда бірыңғай мемлекеттік сатып алу бөлімін ашу керек деген ұсыныстарын білдірді.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.