Талап пен төлем

«Еурохаттама»
Жыл басынан бастап ұсақ жол-көлік оқиғаларын «жеңілдетілген тіркеуді» жүзеге асыру аясында жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін «Еуропротокол» мобильді қосымшасы енгізілді.
«Еурохаттама» шарттары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Жиынға облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенқатысты.
— 1 қаңтардан бастап жеңіл жол-көлік оқиғалары кезінде көлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін өңдеудің оңайлатылған тәртібі енгізілді.Осыған байланысты «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасы әзірленді. Оны қолданушылар сақтандыру ұйымына онлайн өтініш бере алады, биометриялық сәйкестендіруден өте алады, цифрлық құжаттарды, фото және бейнематериалдарды қоса алады, соның негізінде сақтандыру ұйымдары жәбірленушінің банктік шотына төлем жасайды, — деді Еркін Өтеген.
Бұл процедураны қолдану үшін жол-көлік оқиғасына ұшыраған көліктердің саны екеуден, келтірілген залал мөлшері 100 АЕК-тен (369 мың теңге) аспауға тиіс. Жолаушылардың денсаулығы мен мүлкіне зияны тимеуі қажет. Сондай-ақ екі көліктің иесінің де автокөлікті міндетті сақтандыру полисі болса, осы тәртіпті қолдануға болады. Айта кету керек, бұл процесс екі жақтың келісімімен, біреуі кінәсін мойындаған жағдайда жүзеге асырылады.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы азаматтар бұдан былай ұсақ жол-көлік оқиғасы үшін кептелісте полицейлерді күтіп тұрмайды. Сондай-ақ бұл тәсілді пайдаланған тұлғалар жол-көлік оқиғасы жасағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
«Еурохаттама» тәсілі ең алдымен Францияда қолданылды. Қазір бұл жүйе Германия, Бельгия, Грекия, Италия, Португалия, Испания және басқа елдерде кең таралған. ТМД елдерінде бұл тәсіл Ресейде, Белоруссияда, Украинада, Арменияда және Өзбекстанда енгізілді.
«Еурохаттама» қосымшасы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Саll-орталыққа +7(727)339-31-88 нөмеріне хабарласу қажет.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.