Қадірі бөлек сыйлық
Акция
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап–ғылыми кітапханасында 14 ақпан — халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті.
Кітап сыйлау күні 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Дүниежүзі халқы тарапынан қызу қолдау тауып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл ізгі мерекенің тұңғыш бастамашысы — Америкадағы балалар кітаптары сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур деген әйел.
Мереке қарсаңында кітапхананың коворкинг орталығында өткен іс-шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Құрманқұлов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры Бижан Қалмағанбетов, Ақтөбе қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова бастаған зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, әкелген кітаптарын кітапхана қорына сыйға берді. Аталған іс-шараға өз үлестерін қосуға атсалысқан «Ақтөбе облысы ауған соғысы жауынгер-интернационалистері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов, Ш.Берсеев атындағы Ақтөбе Жоғарғы аграрлық-техникалық колледжі жанындағы республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің әдіскері Нұрболат Құлшаров, «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігі мен Армян «Урарту» қауымдастығы бірлестіг ітөрағасының орынбасары Арутюн Микаелян кітапхана ұжымына алғыстарын білдіріп, кітаптарын сыйға тартты.
— Біздің мақсатымыз — оқырмандарымыз сыйлаған кітап арқылы кітапхана қорын толтыру, жастарымызды кітап оқуға шақыру. Себебі кітап оқу тіл мәдениетін қалыптастырады, — дейді кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова.
Кітап көрмесімен жалғасқан іс-шарада жас оқырмандар өлең оқыды.
Толағай БҰРХАН.