Адвокаттар тегін қызмет көрсетеді

Брифинг
Халыққа мемлекет тарапынан кепілдік берілген заңгерлік көмекті көрсету мақсатында облыста 91 адвокатпен және 16 заң кеңесшісімен келісім жасалған. Былтыр 9647 азамат тегін заңгерлік қызметке жүгінген.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Журналистермен кездесуге облыстық әділет департаментінің басшысы Бекболат Колумбаев келіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Өз сөзінде ол Әділет министрлігінің цифрландыру, т.б. жобалары аясындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, нормативтік актілердің мониторингі, халыққа заңгерлік қызмет көрсету, «Цифрлық нотариат» жобасы, т.б. бағыттар бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Әділет органдары жұмысының бір бағыты — нотариустардың, адвокаттардың және заң кеңесшілері палаталарының қызметіне бақылау жүргізіп, олардың жеке және заңды тұлғаларға көрсететін қызметінің сапасын бақылау, ал заң талаптарын бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясын тоқтата тұру немесе одан айыру туралыӘділет министрлігіне ұсыныс енгізу.
2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста 195 жеке нотариус қызмет атқарған болса, ал жалпы жыл ішінде жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша жүргізілген тексерулер арқылы 7 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 нотариустың лицензиясының күші тоқтатылған.
Облысымыздың аумағында 1 адвокаттар алқасы және 1 заң кеңесшілері палатасы жұмыс жасайды. Адвокаттардың жалпы саны — 224, ал заң кеңесшілері палатасының құрамында 207 адам бар.
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес азаматтарға заң көмегі ақылы және тегін түрде жүргізіледі. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында қызмет көрсеткен адвокаттар мен заң кеңесшілеріне мемлекеттік бюджеттен қаражат төлеу қарастырылған. Бұл көмек қылмыстық істермен қатар, әкімшілік істер бойынша да көрсетіледі. Кімдер және қандай жағдайда тегін көмекке жүгіне алатыны заңда көрсетілген.
«Цифрлық нотариат» жобасы бойынша 2023 жылдың сәуір айынан бастап сенімхат, кеңес беру және ерлі-зайыптылардың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызметтер онлайн форматқа көшірілген.Жоба іске асырыла бастағаннан бері 1722 цифрлық сенімхат, ерлі-зайыптылар арасындағы 376 келісім секілді құжаттар берілді.
Адвокаттық және нотариустық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді аттестаттау ісі де әділет департаменті арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылдың соңынан бастап аттестаттау тәртібіне өзгеріс енгізілген. Мысалы, бұрын аттестаттау 2 кезеңмен тоқсан сайын өткізіліп, оның ішінде екінші кезеңде комиссия мүшелері ауызша жауап алатын болса, енді екінші кезеңде жауап компьютер арқылы алынады. Бұл — түпкі шешімді адам қабылдайтын, яғни субъективті факторларды алып тастауға бағытталған жоба. Осы жоба аясында облыста бүгінге дейін 11 үміткер адвокаттық және нотариустық қызметпен айналысу құқығына ие болған.
А.САРЫБАЙ.