Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау мәселелері талқыланды

Жиында жол тазалығына қатысты баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр нормативке сәйкес, қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін қаржының аздығын сөз етті. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға барлығы 298,5 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ жолдардың уақытылы тазаланбауының бір себебі мердігер мекемелердің техникалары жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Өңірде мердігерлер арнайы техникаларды жалға алады. Соның салдарынан жұмыс кезінде тиісті учаскелерде қар уақытылы тазаланбауы мүмкін. Біз бұл мәселені осыған дейін де көтердік. Сондықтан алдағы уақытта автомобиль жолдарының сапасын сақтап қалу үшін жолдарды күтіп ұстауға ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау туралы ұсыныс бар. Үш жылға келісімшарт жасалса, мердігерлерге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламасы аясында арнайы техника сатып алу немесе техника паркін жаңарту бойынша келісімге келу ұсынылады», — деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл жүргізілген тексерістердің нәтижесінде бірқатар аудандағы ауылдар мен аудан орталықтары арасындағы кейбір учаскелерде қар басу, аса қауіпті учаскелерде мұзға қарсы материалдың құм-тұз қоспасы уақытылы төселмеу, грейдерлік жолдарды уақытылы тегістелмеу деректері анықталған.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.