Жаңалықтар

Баға бақылауда

Ақтөбе қалалық әкімдігі жанынан құрылған арнайы топ 8-шағын аудандағы дүкендерді аралап, ондағы бағаның аужайын тексерді.

Дәстүрге айналған рейдті өткізудегі мақсат — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының шектен тыс асырылмауын қадағалау, жалпы сауда орындарындағы талап-тәртіптің сақталуын бағамдау.

Тәртіп бойынша өнімнің өндіруші сатқан бағасына 15 пайыздан көп қосылмауы керек. Егер бұл талап орындалмай, әлеуметтік маңызы бар өнімдер рұқсат етілген бағадан қымбатқа сатылса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Атап айтсақ, ішкі сауда субъектісінің сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленгендей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемеақысын асырғандарға бірінші рет ескерту беріледі. Бір жыл ішінде бұл қайталанса, шағын кәсіпкерлік иелеріне 10 айлық есептік көрсеткіш, орта бизнес субъектілеріне 75 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлер нысандарының қожайындарына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қант, бірінші сортты бидай ұны, рожки, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, тауық еті, сиыр еті, майлылығы 2,5 пайыздық сүт пен айран, сары май, тауық жұмыртқасы, ас тұзы, сүзбе кіреді. Егер аталған азық-түлік өнімдеріне әу баста сатылған бағадан 15 пайыздан көп қосылса, біздің шара қолдануымызға құзыретіміз бар. Бірақ алдымен ауызша түрде ескерту жасалады.

Мұндай баға мониторингі тұрақты түрде өткізіліп тұрады, бірақ мен депутат ретінде алғаш рет қатысып отырмын. «Анвар», «Дина» супермаркеттерін, «Алтай» сауда үйін араладық, әзірге заңбұзушылық анықталмады. Біздің тексеретініміз — жоғарыда аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының көрсетілуі және оның талапқа сай болуы, — дейді Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Зада Қасенова.

Құрамында мәслихат депутаттары, Астана ауданы әкімдігі, аумақтық кеңес мүшелері бар арнайы топшағын дүкендерді де аралады. Олар кез келген сауда орнында сатушыларға арналған жадынама — ортақ ережелер, құқықтары, сол сауда үйінің басшылығының аты-жөні мен телефон нөмірлері көрсетілген бұрыштың (стенд) болуы керектігін айтты.

Белсенділер мұндай рейдтің алдағы уақытта шаһардың басқа бөлігінде жалғасатынын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button