Жаңалықтар

Ерлікті ұмытпау — елдікті ұлықтау

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастырып, дамытумен қатар, оларды Қарулы күштердің жауынгерлік дәстүрлері негізінде әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы айтылған.

«Өткенін білмеген елдің ертеңі бұлыңғыр» дейді халық даналығы.  Өскелең ұрпақүшін кешегі от кешкен бабаларының өмірі де үлгі болуға тиіс. Осыған орай тарихи жадыны сақтау, ескерусіз қалған ерлер есімін насихаттау мақсатында құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиевпен осы және өзге де мәселелер төңірегінде сөйлескен едік…

— Қоғамдық бірлестік қашан және қандай мақсатта құрылды?

«Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. 2019 жылы құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бірауыз сөзбен айтуға болатын сияқты. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр.

Бірлестік — екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестірумен жүйелі түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір ұйым. Дереккөздерге сүйенсек, елімізден бұл майданға 1 миллион 300 мыңнан астам адам аттанып, оның 630 мыңы қаза тауып, 271 мыңнан астам жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Қоғамдық бірлестік құрылғалы бері 4 мыңнан астам боздақтың аты-жөнін, олардың қай елде, қай жерде жерленгенін анықтап, жауынгерлердің артында қалған ұрпақтары мен туған-туыстарына хабарладық. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің көмегімен майдан даласында опат болған 16 отандасымыздың сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жерледік.

Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Бұл — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқан дәстүр. Ендеше, көбінің артында ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді.

Былтыр 22 маусымда елдегі барлық мешітте тұңғыш рет бір мезгілдехабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнайы Құран бағышталып, дұға оқылды.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында алыс-жақын шетелмен байланыса отырып жұмыс жүргізеді. Қазір бұл мақсатта 50-ден астам меморандумға қол қойылды. Былтыр қыркүйекте Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» тақырыбында халықаралық конференция өткіздік. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған бұл форум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қимылы үшін ашық диалог алаңына айналды десе болады.

— Жұмыс қандай бағыттарда жүргізіледі?

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт — майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл — «инемен құдық қазғандай» жұмыс. Екінші бағыт — майдан даласында қазба жұмыстарын жүргізу. Біздің еріктілер тобы жыл сайын Ресейдің Калуга облысында өтетін «Батыс майданы.Варшава тасжолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясынақатысады. Өткен жылы  да қатысып, Ақмола облысында жасақталған 387-атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында ескерткіш-белгі орнатып қайттық.Үшінші бағыт — жауынгерлердің ел ішінен туыстарын іздестіру. ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлестеріміз жатыр. Олардың көбі — Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және басқа да елдерді жауданазат ету барысында шейіт болса, енді біразы — тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңғажуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік.

Соғыс кезінде із-түзсіз кеткен әкесі туралы дерек табылып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып тұрған қарияның көз жасын көргенде,  еріктілер еңбегінің зая кетпегенін сезінесіз.

Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездесетін шығар…

Кейде адам сенбейтін оқиғаларға куә боламыз. Қызылорда облысының тұрғыны Жантас Батырханұлы майданнан оралмаған әкесінің інісі Айтуған Меделхановты ұзақ жыл іздейді. Алайда жұмыс нәтижесіз болады. Бір күні көкесінің өзі түсіне кіріп: «Ең алдымен Зубов деген адамды тап, сол арқылымені табасың», —деп аян берген көрінеді. Ол ұйымға өтініш бергенде, бізде жалғыз ғана ілік бар еді, ол — майдангердің Ленинград облысында қаза тапқаны болатын. Ерікті Айгүл Аитова Ленинград түбінде қаза тапқандардың аты-жөні жазылған құжатты көтеріп, алдымен Зубов жөнінде мәлімет тауып алады. Артынша Айтуған Меделханов туралы дерек те табылады. Олар Колпино қаласын жаудан азат ету шайқасында қаза тапқан екен. Жантас аға туған жердің топырағын алып барып, көкесінің рухына Құран бағыштап қайтты.Тағы бір мысал, Әлімбатыр Жабағинов пен Қошқар Құлмағамбетов деген бірге соғысып, бір зиратта жерленген екен. Олар майданға аттанғанда елде қалған 5-6 жасар ұл-қыздары кейін ержетіп, отбасын құрған көрінеді. Бірақ ерлі-зайыптылар 80 жыл бойы әкелерінің бірге қаза тауып, бір зиратта жатқанынан бейхабар екен. Бұл жайды олар бірлестіктің нәтижелі жұмысының арқасында естіді.

Жастармен жұмыс, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында қоғамдық бірлестік тарапынан қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

 — Бауыржан Момышұлы өзінің әйгілі «Қанмен жазылған» кітабында былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы — жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы. Ата-ана тәрбиесі — мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, қоғамдық-жастар тәрбиесі — адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді».

Еліміздегі орта мектептер мен жоғары оқу орындарында жастармен тәрбие жұмысы біршама жолға қойылған деуге болады. Өкінішке қарай, бұл ретте назардан тыс қалып отырған екі әлеуметтік топ бар, олар — жұмысшы жастар мен орта-арнайы білім беретін оқу орындарының оқушылары.

Өскелең ұрпақ өзінің өткен тарихын білуге тиіс. Мәселен, былтыр біз «Аталар аманатына адалмыз» тақырыбында  акция өткізіп, онда әрбір колледждің оқушылары Қазақстанда жасақталып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан двизиялар мен құрмалардың тарихын, майдан жолын зерттеп, солар жөнінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жасады. Сол зерттеулердің барысында Астанадағы «Даналық» колледжінің оқушылары даңқты 101-атқыштар бригадасының соңғы көзі тірі жауынгерін — 102 жастағы майдангерді тапқан еді. Өкінішкеқарай,Ржев түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, соғысты Кеннигсбергте аяқтаған Сатылған Бекмағамбетов ақсақалдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар Ақтөбе қаласынанжақында жетті. Оның өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.

«Мың естігеннен бір рет көрген артық» дейді қазақ.  Сол себепті Астана қаласының бір топ студентін қала түбіндегі Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімге алып бардық. Жасөспірімдер казармадан бастап, қару-жарақ, әскери техникалармен, иісшіл итермен танысып, солдат ботқасынан дәм татып, жауынгерлік өмірмен етене танысты. Бір күннің ішінде олардың әскери қызметке деген көзқарастары түбегейлі өзгерді деуге болады. Көбі бұрынғы ойларынан айнып, қажет болса, Отан қорғаушысы ретінде сапқа тұруға тілек білдірді.

Қазіргі таңда біздің «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде  әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу ойымызда бар. Мысалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерініңәскери институты базасында курсанттар демалысқа кеткен мезгілде балалар мен жасөспрімдер үшін жазғы жиын ұйымдастыруды ұсынбақпыз. Жиын барысында олар осы жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен, әскери ұшақтардың түрлерімен жақынырақ танысып, болашақ ұшқыштар машықтанатын тренажерлерді тікелей басқарып көрер еді. Жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру үшін осындай іс-шаралар ауадай қажет.

Бұдан бөлек біз Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Бүгінде әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында жүйелі көзқарастың жоқтығы байқалады. Оған мүдделі тараптар арасындағы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қимылдың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар бұл салада ұрпақтардың ауысуын ескере отырып, қазіргі жастардың кумирі кімдер және олар нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн.

«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы»Үкімет қаулысымен бекітілді. Енді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі де соны жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосатын болады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық отандасымыздың рухына тағзым ететін көпшілік орынға  айналар еді.

Осының бәрі өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қамы. Өйткені оларға кешегі от кешкен ата-бабаларының өмірі үлгі-өнеге болуға тиіс. Ерлікті ұмытпау — елдікті ұлықтау деген сөз.

Әбубәкір СМАЙЛОВ,

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі

баспасөз қызметінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button