Ақтөбеде ірі жобалар іске қосылды

Amanat партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласында жеті ірі жоба іске қосылды. 2027 жылға дейін осындай 56 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Былтыр Қазақстандық мұнай жабдықтары зауытында жаңа цех іске қосылды. Зауытта мұнай кен орындарына қажетті құбырлар, бұрғылау мен фонтанды арматуралар шығарып, еліміздің мұнай компанияларын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялық жоба құны 7 миллион теңгені құрады. Кәсіпорында екі жүзге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
-Зауытқа 2019 жылы келдім. Токарь болып жұмыс істеймін және шебердің міндетін атқарамын. Үшінші цехта 9 адам еңбек етеміз. Мұндағы станоктардың көбі адам көмегімен жұмыс жасайды. Бірі материалды жонып берсе, екіншісі оны теседі. Солай жүйелі түрде жұмыс жасаймыз Ал былтыр іске қосылған төртінші цехтағы станоктар автоматтандырылған, – дейді цех шебері Азамат Шәмшиев.
Сондай-ақ партияның Жол картасы аясында өңірімізде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Заречный елді мекенінде емхана ғимараты жаңартылып, екі қалалық мектепке жапсарлас құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жаңа-Әлжан диірмен комбинатымен сүт өнімдерін шығаратын зауыт жаңғыртудан өтті. Биылғы жылы облыс орталығында бес жаңа мектептің құрылысы басталады. Инвестиция тарту арқылы қалада тамақ қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарда бар.
Меңтай Бектұрсынова.