Техника саны тексеріледі

Қар тазалау
«Қала аумағындағы жолдарды қыс айларында күтіп ұстаумен айналысушы мердігер компаниялардың арнайы техникасы мен жұмысшыларының саны техникалық сипаттамада көрсетілген талаптарға сай болуға тиіс». Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен бірге мердігер ұйымдардың базасына барған Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет осылай деп ескертті.
Биыл қыста қала аумағындағы жолдарды күтіп ұстауға 14 мердігер мекеме жауапты. Жақында олар конкурстық рәсімдерге қатысып, жұмыс көлемін ұтып алды. Келісімшарт талаптарында техниканың және жұмысшы санының қанша болуы керектігі нақты көрсетілген. Қала басшысы «Агрофирма Коквест» ЖШС, «АТК қызмет», «Ақжол ЛТД», «Ассана дорстрой», «Батыс асфальт» ұйымдарының арнайы көліктерінің базаларын қарап, мердігерлердің көпшілігінде қағаз жүзінде көрсеткен техника саны іс жүзінде түгел еместігіне көз жеткізді.
— Біз мердігерлерден артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Талап біреу — келісімшартта, техникалық сипаттамада көрсетілген техника саны түгел болуы керек. Саны түгел болмағандықтан, жұмыс сапасы ақсап тұр. Мәселен, құжатта 30 техника болуы керек болса, іс жүзінде 20-дан аспайды. Ал мердігерлер конкурстық рәсімдерге қатысу кезінде жұмыс көлемін алу үшін барлығы бар деп көрсетіп, уәдені үйіп-төгіп бергені анық. Тексеру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Мердігерлер техниканы жаңадан сатып алып немесе жалға алып толықтыруға уәде беріп отыр, — деді Азамат Бекет.
Арайлым НҰРБАЕВА.