Басты жаңалықтарМәдениет

Қала мәдениетінің тынысы мен тұрмысы

Ақтөбе қаласындағы Мәдениет үйлері басшылары, әдіскерлері, кітапханалардың меңгерушілері өз жайын өздері айтты.Мамандардың жетіспеуі, кейбір Мәдениет үйлерінде қажетті техниканың, көліктің, жеке ғимараттың жоқтығы сөз болды. Ақтөбенің мәдени тынысы мен өнер ошақтарының тұрмысы туралы айтылған жиынға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы қатысты.

Қаламызда халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру бағытында қызмет көрсететін жеті Мәдениет үйі мен он төрт кітапхана бар. Бұл мекемелердің жанында мың жарымнан астам қатысушысы бар 92 үйірме мен клуб тұрғындар игілігіне жұмыс жасайды. Сондай-ақ 27 ұжым «халықтық» және «үлгілі» деген атаққа ие.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, былтыр қаламызда барлығы 1296 шара өткізіліп, 680 мыңнан астам көрермен қамтылды.

Мәдени іс-шараларға, концерттерге адамдарды тарту — тұрғындардың рухани демалысын ұйымдастырудың негізгі тетігі. Түрлі форматта өткен мәдени іс-шаралардың үшеуі — халықаралық, төртеуі — республикалық, екеуі — аймақтық және 13-і— облыстық, қалғаны қалалық деңгейде ұйымдастырылды.Мәселен, есту мүмкіндігі шектеулі арулар арасындағы халықаралық деңгейде «Сәукелелі ару» байқауы, «Әлия гүлі достарын қарсы алады» аттыІХ халықаралық би фестивалі, республикалық «Ұлттық биім — елге сыйым», «Би әлемінде» би фестивальдері мен «Ақмаңдайлым» ән фестивалі, «Театр — ұлттың айнасы» IX клоундар байқауы, «Жем самалы» көру мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы республикалық ән байқауы, қалалық «Гүлдер әлемі» байқау-фестивальдері өткізілді. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар идеологиялық тұрғыдан, негізінен, мемлекеттік мерекелер, атаулы даталар, мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттары, ұлттық және құқықтық-патриоттық тәрбиеге, сыбайлас жемқорлық, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыптарына арналды. Мәселен, Әбілқайыр ханның 330 жылдығы аясында Бопай ханым көшесінің ашылу рәсімі, Сапура батырдың 270 жылдық  мерейтойына арналған «Сайыпқыран Сапура» мерекелік іс-шарасы,«Жыл үздігі — 2023» сияқты жаңа форматтағышараларұйымдастырылды.Сапура батырдың өмірі мен ерліктері туралы деректі фильм түсіріліп, электронды тарихи ұлттық қорға қосылды.Сондай-ақ ұлттық тәрбиеге негізделген «Аңыз болар абысындар» байқауы, «Алтыбақан» этнографиялық ойын-сауық отауы, «Лайық ШОУ» байқауы, «Жайдарман» ойындары чемпиондарының қатысуымен тимбилдинг өткізілді.Ал жаз айларында шығармашылық ұжымдар сенбі сайын ақтөбеліктерді «Жазғы VIBE» көңілді кешіне шақырды, — деді Гүлжайна Бисенғалиева.

Әттеген-ай дейтін тұстар бар

Өткен жылы жемісті еңбек пен шығармашылық ізденістің нәтижесінде өнер ұжымдары, қалалық байқауларды қоспағанда, 36 халықаралық, 57 республикалық, 26 облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысыГүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, жетістіктер мәртебе өсіргенімен, жұмыстыңәттеген-ай дейтін тұстары да жетерлік.

— Өткен жылдармен салыстырғанда іс-шаралардың саны артты. Алайда сапа жағы ақсап тұр, көпшілігі — қайталама таптаурын болған немесе бірдей форматтағы шаралар. Әлі де болса белгілі бір мерекеге немесе мерейтой иесіне арналған кездесу, концерттік бағдарлама, кітап көрмесі сияқты бір типті іс-шаралардан аса алмай отырмыз. Әрбір Мәдениет үйінің дәстүрлі жобалары бар. Сол жобаларды да жыл сайын жетілдіріп отырған абзал. Қала мен тұлға мәдениетін көтеру бағытында да тың жобалар жасақтап, бір реттік іс-шаралар емес, жүйелі жұмыстар атқаруымыз, идеологиялық ақпараттық бағыттағы жұмыстарға аса мән беруіміз керек, — деді Гүлжайна Бисенғалиева.

Жаңашыл маман керек

Ақтөбеліктерді рухани байытуда қалалық кітапханалар жұмысының маңызы зор.

Өткен жылы Ақтөбе кітапханаларында барлығы 506 іс-шара ұйымдастырылып, оған 28874 адам қатысты. Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, жалпы қаламыздағы кітап қоры — 335310, оның 95мыңнан астамы —  мемлекеттік тілде.

— Былтыр кітапхана қызметін 24 мыңнан астам адам пайдаланды. Оның 8 мыңнан астамы — балалар. Қалалық кітапханалардың қызметтік құрамын жаңа технологияларды меңгерген жаңашыл мамандармен, мамандандырылған оқу орындарының түлектерімен жаңарту қажеттілігі өзекті. Көптеген қала кітапханаларының орналасқан жерлері талапқа сай келмейді. Алдағы уақытта типтік үлгідегі Мәдениет үйлерін кітапханасымен бірге жобалау жұмыстары қолға алынса дейміз, — деді Г.Бисенғалиева.

Керек-жарақпен қамтамасыз етілді

Былтыр мәдени-көпшілік іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік беру мақсатында барлық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мәселен, өткен жылы Қалалық Мәдениет үйіне ұлттық нақыштағы 2 ағаш үй, автобус, көшеге арналған музыкалық аппаратура, музыкалық аспаптар, аспашам, ақпараттық-идеологиялық жұмыстарға қажетті үлкен экран алынды.Сазды мәдениет үйі киіз үй, саксофон, принтер, компьютерлер, сахналық киімдерге қол жеткізді. Ал Саңыраулар қоғамының Мәдениет үйі — сахналық костюмдер, 2 компьютер, екі принтер,  «Геолог» мәдениет үйі — кір машина, 7 кондиционер, шаңсорғыш, хореография бөлмесіне арналған құрал-жабдықтар, сахналық костюмдермен қамтамасыз етілді. Зағиптар мәдениет үйі де сахналық костюмдер, синтезатор, баян, электр гитара, домбыраға ие болса, Қурайлы мәдениет үйі  жылыту құралдары, қыл қобыз, прима қобыз аспаптарына қоса автобусқа қол жеткізді.

— Жұмыста «Аумақты дамыту жоспарын» басшылыққа аламыз. Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы арқылы өткен жылдарда «Сазды» мәдениет үйі мен қалалық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді.Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Есет батыр тұрғын үй алабындағы №13 кітапхана және №6 қалалық кітапхана жанынан коворкинг орталықтары ашылып, қажетті жиһаздармен,техникалармен жабдықталды. Сонымен қатар былтырЖаңақоныс тұрғын үй алабында Мәдениет үйінің құрылысы басталды.

Биыл төрт қалалық кітапханаға күрделі жөндеу жүргізу, Пригородный тұрғын алабындағы Мәдениет үйінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. 

Жарық, Қызылжар, Өрлеу, Ақжар, Құрашасай, Бауырластар, Кірпішті тұрғын алаптарынан кітапханасы бар жаңа мәдениет үйлерін салу туралы салалық қорытындылар жасақталып, қалалық құрылыс бөліміне жолданды, — деді Гүлжайна Бисенғалиева.

Шешімін күткен шаруа көп…

Мәдениет саласындақордаланған біраз мәселе бар. Мәселен, Қалалық зағиптар қоғамы мәдениет үйі мен Саңыраулар қоғамы мәдениет үйіне ғимарат мәселесі — өзекті.  Ал Қалалық мәдениет үйінде ұлттық этнографиялық-фольклорлық ансамблі құрылып, 8 ұжым «халықтық» атағын қорғады. Енді оларға штат бірлігін бөлу қажеттілігі туындап отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін Қалалық зағиптар қоғамы мәдениет үйіне үлкендеу автокөлік қажет. Мәдениет үйінің негізгі қызмет бағыты мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру, алайда әрбір шараға зағип жандар инва таксимен, кәдімгі такси жалдау арқылы қатынап отыр.

— Қалалық мәдениет үйлерін түгелдей дерлік мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыруға қажетті киіз үйлермен, жылжымалы-құрастырмалы сахналармен, Led-экрандармен, жылжымалы көше аппаратураларымен қамтамасыз еттік. Мәдениет үйлерінің бәрінде де сол материалдық құндылықтарды сақтайтын орын жоқ. Осы заттарды сақтайтын құрастырмалы қойма қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар қала аумағында барлық мәдениет үйлері мен қалалық кітапханалардың жиһаздары көне, жаңартуды талап етеді. Қалалық алты кітапханаға, яғни №2, №5, №6, №13, №3, №4 кітапханаларға күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі бар, — деді Гүлжайна Бисенғалиева.

Қаламыздағы өнер ұжымдары алдағы уақытта да жоспарға сәйкес халықтың мәдениетін арттыруға бағытталған шаралар мен ірі жобаларын жалғастыра бермек.

Жиын соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін бағалау және үздіктерді анықтау жөніндегі комиссияның шешімімен «Үздік мәдениет үйі-2023» кубогын Қурайлы мәдениет үйі жеңіп алды.

 «ЖЕКЕ ҒИМАРАТЫМЫЗ БОЛСА…»

Гүлвира БІРЖАНОВА,

Қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің директоры:

— Ұлттық мәдениетті насихаттаумен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың талантын ашуда өзіндік орны бар мекеменің бірі — Қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйі.Мәдениет үйінде қызмет жасайтын қызметкерлердің  50 пайызы — қоғам мүшелері. Мекемеде 11 ұжым жұмыс жасайды. Оның үшеуі —«Мы Вас любим» клоунада театры, «Жалын» би ансамблі және «Поющие руки» ансамблі «халықтық» деген атаққа ие.

Біздің Мәдениет үйі «Рухани қазына-2023» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінің облыстық кезеңінің «Үздік Мәдениет үйі» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. 

47 жылдық тарихы бар өнер мекемесінің жетістігі мол болғанымен, әлі жеке ғимараты жоқ. Біздің ұжым 1998-2017 жылдар аралығында Есет батыр көшесінде орналасқан жалдамалы 3 бөлмелі пәтерде болды. Кейін 2018-2022 жылдар аралығында қалалық мәдениет үйі ғимаратында, ал 2022 жылдан бастап бүгінге дейін Ахтанов көшесінде орналасқан 240 шаршы метр ауданы бар  ғимаратты жалға алып отырған жайымыз бар.

2022 жылы жергілікті бюджеттен ғимарат сатып алу үшін қаражат бөлінген болатын. Дегенмен қарастырылған ғимараттар қоғам мүшелерінің ерекшеліктеріне сай келмегендіктен, берілген қаражат жыл соңында жергілікті бюджетке кері қайтарылды. Енді қоғам мүшелерінің талабына сай келетін арнайы жаңа ғимараттың бой көтеруін қалаймыз.

«ШТАТ АШЫЛЫП, АВТОБУС БЕРІЛСЕ…»

Жансәуле КЕМЕРОВА,

Сазды мәдениет үйінің директоры:

2022 жылдың қорытындысы бойынша біздің ұжым қаламыздағы Мәдениет үйлері арасында «Үздік Мәдениет үйі» атанды.Былтыр21 мыңнан астам көрерменді қамтып, 118 мәдени шара өткізіппіз. Біздің мекемеде 150 қатысушысы бар 9 үйірме жұмыс істейді. Мәдениет үйі көркемөнерпаздары халықаралық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәдениет және спорт министрлігінің өткен жылғы бұйрығымен Сазды мәдениет үйінің 4 бірдей ұжымы «халықтық»,«үлгілі» атақтарына ие болды. Олар — Ақтөбенің мақтанышына айналған «Жасұлан» үрлемелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ «Театр әлемі» театр студиясы, әжелерден құралған «Ақмаржан» және домбырашылардың «Домбыра-дастан» ансамбльдері.

Саздылық өнер ұжымдарының бұдан басқа да жетістіктерікөп. Алдымызда халық мәдениетін көтеру, ұжымдардың шығармашылық ізденісін арттырып, музыкалық репертуарын жаңғырту міндеттері тұр.

Ғимаратымыз бар, 1990 жылы салынған. Соңғы рет 2021 жылы облыс және қала әкімдігінің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жаңа жылдан тек жақсылықтар күтеміз,атағы қорғалған ұжымдарға биыл штат берілсе,жақсы болар еді.Біздегі өнер ұжымдары халықаралық, республикалық байқаулардан табысты оралып жүр. Ендігі мақсат —  аудандарды, облыстарды аралап, концерт бергіміз келеді, ол үшін біздің Мәдениет үйіне де бір жаңа автобус керек-ақ.

«ЖЫЛ ҮЗДІГІ АТАНДЫҚ»

 Гүлден ЕРМҰХАМБЕТОВА,

«Қурайлы қалалық мәдениет үйінің директоры:

— Қурайлы мәдениет үйінің ғимараты 1988 жылы типтік жобада салынған. Бір жылдары жабық тұрған ғимарат 2014-2016 жылдары қайта қалпына келтіріліп, 2016 жылы пайдалануға берілді. 400 орындық көрермен залы, үйірме кабинеттері, талапқа сай жабдықталған хореография залы бар. Бүгінгі таңда Мәдениет үйі Қурайлы тұрғын үй алабының 9 мыңнан астам халқына қызмет көрсетіп отыр. Мекеме жанында 320 қатысушысы бар 18 үйірме жұмыс істейді. Үшеуінің атағы бар, олар —  «Сударушки» халықтық вокалдық ансамблі, «Зере» халықтық әжелер ансамблі, «Жауқазын» үлгілі балалар би ансамблі. Бұл ұжымдарға Жалғас Тоқабаев, Бердімұрат Хасанғалиев,Самал Әлмұрзина жетекшілік етеді. Жетістіктеріміз де жетіп артылады. Мәселен, республикалық «Жапырақ-жүрек» байқауында әншілер триосы Альмира Оразова, Әсемгүл Боранбаева, Элеонора Омаровабас жүлде жеңіп алса, осы байқауда «Еркем-ай» домбырашылар тобы  І орынға ие болды. «Ұлттық биім — елге сыйым» байқау-фестивалінде «Жауқазын» үлгілі би ансамблі ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар біздің Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған  «Ахтанов аллеясы» театр фестивалі, «Келіні жақсының керегесі алтын» келіндер байқауы, «Ауғанстан жаңғырығы» әскери-патриоттық кеші, «Жайдарманшылар тимбилдингі» өткізілді. Ал жергілікті әуесқой әншілердің «Сәлем, Қурайлы!» фестивалі көп көрермен жинады.

Биылғы үлкен қуанышымыз —көптен күткен автобусқа қол жеткізгеніміз. Көлік мәселесі шешілді, енді өнер ұжымдары жан-жаққа жиі шығып, концерттерін беретін болды. Бүгінгі жиынға да өзіміздің автобуспен келіп отырмыз.

2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік Мәдениет үйі — 2023» кубогына ие болып жатырмыз. Алдағы жылы да жоспарлаған дүниелерімізді іске асырып, шығармашылық ізденісті жалғастыра береміз. Мәдениет үйі жұмыс істеп тұрса, жас ұрпақ тәрбиесіне де ықпалы зор болмақ. Тіпті жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық қатарын азайтуға да үлес қосары анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button