Жаңалықтар

«Баламыз бізді тыңдамайды…»  

Маман кеңесі

«Сәлеметсіздер ме, құрметті редакция!

Баламның жасы — 7-де. Өте ерке, тіпті тентек боп өсіп келеді. Тұңғыш немере болғандықтан, әжесі тым қатты еркелетіп, дегенін жасап, жаман үйреткен. Тек сол кісіні тыңдайды. Бізді, әке-шешесін мүлде елемейді, айтқанымызды құлағына да ілмейді. Мысалы, ұрыссақ, айқайлап, қатты жылайды. Олай істемейін десең, күн ұзағына смартфоны қолынан түспейді, түн ауғанға дейін ұйықтамайды, айтқанын жасамасаң, түрлі теріс қылықтар көрсетеді.

Бұның соңы жақсы болмайтынын түсінген әжесі арасында жекіп, ата-ананы тыңдау керектігін ескертеді. Бірақ нәтиже шамалы…

Биыл күзде баламызды мектепке бермекшіміз, ол кезде жағдай тіптен қиындай ма деп қорқамыз. Әкесі ұрып, сабасына түсіруге оқталып еді,  мен қазіргі балалардың психикасы әлсіз екенін айтып, оған жол бермедім. Енді не істеу керек? «Бала үйде бір адамнан қорқу керек» деген рас екен, бірақ біз ендігі кеш қалған сияқтымыз…»

Оқырманның аталған сауалына психолог Арайлым Бөкенбаева төмендегідей жауап берді:

— Ең алдымен баланың смартфонға тәуелділігін бірте-бірте азайтқан дұрыс. Бірден толығымен тыйым салсаңыз, баланы одан сайын қырсық, ашушаң қылуыңыз мүмкін.

Негізі балада бос уақыт болмауы керек. Үйірме-секцияларға беріңіз. Әйтпесе, сөзіңізге қарағанда, ұлыңызда смартфон қараудан басқа таңдау жоқ сияқты. Ал бұл оның психикасына теріс әсер ететінін ұмытпаңыз. Әлгіндей теріс қылықтарының түп-төркіні осыдан туындап отыр.

Сондай-ақ ата-анасы ретінде баламен көп уақыт өткізген дұрыс. Егер сізді тыңдамаса, сыйламаса бұның сыры шектен тыс жұмысбастылығыңызда болуы мүмкін. Күн ұзағына әжесімен уақыт өткізіп, сонымен ғана сөйлессе, әрине, сізді жатсынады. Жасына қарамастан, ашық әңгіме жүргізіп, досындай сырласыңыз. Немен айналысқысы келетінін анықтаңыз. Сол бағытта бірге жұмыс жасап, мейлінше соған ықыласыңызды бұрыңыз.

Ал балаға қол көтеруболашақта өзіне сенімсіз, ашушаң, өз эмоциясын басқара алмайтын адам болуына жеткізеді. Себебі таяқты көрген бала есейгенде де тек сол «тілді» түсінеді. Баланың қорыққаны дұрыс, бірақ ұрғаннан емес, көзқарастан.

Ең абзалы — баланың досы болуға ұмтылыңыз. Z немесе Альфа ұрпақтары (2000 жылдан кейін туған балалар) еркіндікті, тәуелсіз болғанды ұнатады. Оларды«басқару» арқылы сөзімді жүргіземін деу — бос әурешілік. Тек түсінісу және қолдау көрсету арқылы ғана балаға жақын болып, өз қалауыңызды жасата аласыз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button