Сапардың салған соқпағы
Дөңгелек үстел
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сапар Сағынтаевты еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Жиында сөз алған еңбек ардагері Серік Ботағарин Сапар Сағынтаевтың өмірі мен еңбек жолына тоқталды:
— 1936 жылы дүниеге келген Сапар Сағынтайұлы Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол білімімен мектептерде физика-математика пәнінен дәріс берді. Жазғы демалыста Чкалов атындағы ұжымшарда комбайн да жүргізді. Кеңес армиясы қатарында әскери-азаматтық борышын өтеп келген соң комсомол қызметінде шыңдалды. Қолына қалам ұстап, күні-түні дерлік үстел басына отырды. Бас-аяғы санаулы мерзім ішінде «Ел тағдыры еңбекпен еншілес» атты үш кітап жазып шықты. Ол өзінің балалық шағынан бастап осы кезге дейінгі уақытын баяндады. Жай баяндап қойған жоқ, ел-жұрт бастан кешкен замана көшімен, орын алған оқиғалармен, дәмдес, қызметтес, сапарлас болған адамдармен байланыстыра тұтас бір кезеңнің келбетін көрсетті, — деді ол.
Сапар Сағынтайұлы облыста Ойыл және сол кезде Октябрь деп аталатын екі ауданды біраз жыл басқарды, беделді басшы, білікті жетекші атанды. Оның жұмыс стилі, кадрларды тәрбиелеу үлгісі өзгелерге өнеге болды.
— Сапар Сағынтаевпен 1950-1953 жылдар аралығында мектеп-интернатта бір сыныпта білім алдық. Оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Алгебра пәнінен кітаптағы есептерді түгел шығарып, қосымша көмекші құрал ретінде дайындады. Әскерден келіп, Қарғалы ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Облыстың комсомол ұйымдарында басшылықта болған тұсында оның қамқорлығын көрген көптеген кадр кейін қоғамның түрлі салаларында белсенді қызмет етті. Сапардың ақкөңіл мінезі мен адалдық қасиеті біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, — дейді сыныптас досы Бақыт Ғизатов.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.