Жаңалықтар

Ғалымның ғибратты жолы

Конференция

Ақтөбе қаласындағы Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановтың 75 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның білім мен тәрбие, ғылым философиясының өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.

Конференция «Әділетті Қазақстанның білімі мен тәрбиесінің өзекті мәселелері», «Жастарға сапалы білім беру және ғылымға баулу — Қазақстан келешегінің кепілі» бағыттарында өрбіді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев профессор Алтай Тайжанов ғалым, философ, қоғам қайраткері ретінде облыс көлемінде ғана емес, елімізден тыс жерлерге де танымал екендігін айта келе: «Ғалымның бойынан табылатын әдептілік, әділеттілік, терең жауапкершілік, азаматтылық ұстаным, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет, адамдық болмыс сияқты адамгершілік қасиеттер кейінгі толқынға, жалпы көпке үлгі. Оның өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлт құндылықтарын насихаттау жолындағы еңбегі орасан. Ол қазақстандық философия және қоғамдық ой тарихы, мәдениеті, этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелерін зерттеумен айналысады. Алтай Тайжанов — еліміздегі көрнекті әуезовтанушы. Оның ғылыми еңбектерінің айтарлықтай бөлігі ойшыл-жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық аспектілерін зерттеуге арналған», — деді.

Конференцияда Бұлбұл Елеусінова кеш иесін облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан құттықтады:

—  Ақтөбе — қоғамның, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды тәрбиелеген киелі өңір. Біз осы өңірдің құрметті азаматы, ғылым мен білім саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ардақты ұстаз — Алтай Тайжанұлының отыз жылдан астам уақыт жасаған еңбегінің қорытындысы ретінде өткізіліп жатқан ғылыми конференцияға жиналып отырмыз. Біз сіздің бірнеше ғылыми жұмыстың, тұжырымды монографиялардың, 700-ге тарта ұлттық бағыттағы тәрбиелік мәні зор мақалалардың авторы екеніңізді білеміз. Сондай-ақ сіз тек жоғары оқу орындарының дамуына ғана емес, өңірдің өрістеуіне, жалпы қоғамдық сананы қалыптастыруға ерекше үлес қосып келесіз, — деген ол кеш иесінің  кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, құрмет көрсетті.

Конференция кезінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова Алтай Тайжанұлын мерейлі жасымен құттықтап, Алғыс хат пен сый-сияпатын табыстады. Сонымен қатар университет ректоры Әсет Қалиев ғалымның адамгершілік өмір жолы жас ұрпақ үшін үлгі екенін және оның медицина мамандарын даярлаудағы еңбегін ерекше атап, «Адал еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Бұған дейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті студенттері арасында Алтай Тайжанұлының 75 жылдығына арналған «Адам және қоғам» зияткерлік олимпиадасы ұйымдастырылған болатын. Конференция барысында олимпиада жүлдегерлері марапатталып, мерейтой иесінің«Этномәдени құндылықтар туралы ой-толғам» атты кітабының тұсауы кесілді.

Конференцияға Алтай Тайжановтың ағасы Төлеу Тайжанов та қатысты. Ол ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. «Алтай — туған інім. 1948 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Ақшелек қыстағында өмірге келген. Мұқыр стансасында білім алып, онжылдықты тәмамдады. Әскерге барды, кейін оқуын қайта жалғастырды. Қолынан кітап түспейтін, демалыста да уақытын оқуға арнайтын. Міне, содан бері ол ғұмырын ғылым-білімге арнап келеді. Бір кездері жұмыс жолдамасымен Рудный қаласында еңбек етті, кейін отбасы жағдайына байланысты Ақтөбеге келді. Мұнда халықтың ықыласына бөленіп, содан бергі өмірі осы өлкемен тығыз байланысты», — деді.

Ғалым туған өңірден келген Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

Қызылқоға — ұлы тұлғалар мекені. Әрісі Маханбет пен Исатайды айтпағанда, берісі академиктер — Салық Зиманов, Зейнолла Қабдоловтар өмірге келген өлке. Содан кейін ғылым жолында жүрген Алтай ағамыздың аты аталады. Біз Алтай Тайжанұлымен үнемі байланысып отырамыз. Ауданымызда өтетін ірілі-ұсақты шараларда ылғи ағалық ақыл-кеңесін айтып, кейде төбе көрсетеді. Ағамыз қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіз жайттарға, мәселелерге үн қосып, тұшымды ойларын айтып, пікір білдіріп жатады.

Алтай ағамыздың мерейлі жасына байланысты туған жерінде, облыс орталығында да бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Мұқыр ауылында оқыған ағамыздың кластастары да осал емес. Бір кластан екі профессор шыққан. Бірі Алтай Тайжанұлы болса, екіншісі — Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Бақыт Барсаева, — деді.

Конференцияның негізгі бөлігінде Астана, Алматы, Орал қалаларынан келген спикерлердің баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Әділетті Қазақстанның білімі мен тәрбиесінің өзекті мәселелері талқыланды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button