Жаңалықтар

Оқырман

  • Қазына

КІТАП — ҒАСЫР МҰРАСЫ

Бүгінгі күн тарих дейтін болсақ, осы тарихты келер ұрпаққа жеткізетін  құралдың бірі —кітап. Кітап — рухани қазына, рухани байлықтың көзі, адамзаттың қол жеткізген жетістігінің  бірі, сан ғасырдан бергі ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.

Кітап өзін оқыған, пайдаланған адамға қызмет ете отырып, оқырманын рухани байытып, білімін шыңдайды, сенімді  серігіне айналады.  «Адамды адам еткен —кітап, адамзат еткен —кітапхана» дейді жазушы Әбіш Кекілбаев.

Ғасырға жуық тарихы бар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми кітапханасында халқымыздың өткеніненбүгініне дейінгі жеткен жетістігінен сыр шертетін кітаптар баршылық. Халық арасындағы ауыз әдебиетінің, оның ішінде айтыс өнері, шежіре, жыр-дастандар, сал-серілер жайында жинақтар, өлке тарихына қатысты кітаптар, археология, этнография саласы, қолөнер, балалар әдебиеті, көркем әдебиет, дін тұрғысындағы кітаптар, спорт, ғарыш, сурет өнері, табиғат тақырыбындағы, сондай-ақ белгілі өлкетанушылардың, қолөнершілердің еңбектері, тарихи тұлғалар жайындағы кітаптарды да көруімізге болады.

Ақтөбе тарихи-өлкетану музейі тарихында терең із қалдырған Рысжан Илясованыңкейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы да осында сақтаулы. «Арулар, аналар, даналар» еңбегінде аналарымыздың елге үлгі боларлық еңбек пен ерлік істері, «Далам тұнған шежіре» кітабында Ақтөбе облысының жер, ел атауларына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, деректі мәліметтер,  Ақтөбе жерінде ғұмыр кешкен  даналар мен діндарлар, батырлар мен бақсылар, зергерлер мен ұсталар, еңбек ерлері туралы өнегелі сөз қозғалады. Автордың «Ел иесі, жер киесі…»,  «Қазына» кітаптары да сақтаулы.

Ұлттық қазынаның шырақшысындай болып келе жатқан музей — бұрынғы һәм қазіргі рухани мәдениетті сақтап, насихаттайтын киелі орын. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың»демекші, өткен тарихымызды білмей, бүгінгі күннің сауалдарына жауап іздеу мүмкін емес…

 Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облысы.

  • Тарих

«АШАБАЙ АРЫҒЫ» ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеология жетегімен жүрүге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», — дейді.

Біз қилы заманда туып, қиямет кешіп, халықтың бірлігі, қамы үшін өмір сүрген тұлғалардың атын ардақтап, ұлықтауға тиіспіз. Солардың ішінде аты тарихта аңыз болып таралғандардың бірі  — руы Жолшара Тасболатұлы Ашабай хан.

Батырларымыз бен хандарымыз жөніндегі дерек, аңыз әңгімелерді насихаттау арқылы ұрпағымызды рухани байлық нәрімен сусындатамыз.

Шежірешілердің айтуынша, 1736 жыл Кіші жүз ханы Әбілқайырдың басшылығымен бүкіл Жаманақ еліне хан болып, руы Жолшара Ашабай батыр бекітілді.

Ашабай хан төрт рудан Асаннан — Мойнақ биді, Палуаннан — Шықыманды, Жиенейден — Сәркені, Құттықтан — Киікбайды (Жанқожа батырдың атасы) өзіне көмекші етіп тағайындайды. «Қыл белбеулі қырық жігіт, әсіресе қырық жігіттің ішінде қиық қасты, қыр мұрынды бір жігіт», — деп Ашабай батыр ерлігіне қарақалпақ халқы осылай баға берген.

Ашабай ханның ұйымдастыруымен дариядан бастау алып қазылған ұзындығы 6-7 шақырым болатын арық «Ақшүңгіл» көліне барып құяды. Жиеней мен Жолшара руы елінің шекарасы саналатын «Ашабай арығы» бүгінге дейін егін егетін елдің игілігіне пайдаланылып келеді, маңызы ерекше. Көнекөз қариялардың, шежіреші, көсем сөздің хас шебері Тілеуберген Төребековтің айтуынша, Ашабай бабамыз жүз жасқа жақындап кайтыс болған. Бейіті Өркендеу ауылының маңындағы ескі «Көпмешіт» қорымының солтүстік-шығыс бөлігінде жерленген.  Бабаларымыздың асыл қасиеттері, атақ-даңқы еліне адал қызмет ететін, жерін қызғыштай қорғай білетін өскелең ұрпағымыздың бойына дарыса екен деймін. Осындай бабаларымыздың есімін насихаттау, рухын асқақтату мақсатында Ақтөбе қаласынан Ашабай ханның құрметіне бір көше берілсе де артық болмас еді.

Алтынбек ҚОЖАНИЯЗ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.  

  • Байқау

ЖАҚСЫ КЕЛІН — ЫРЫСЫҢ

«Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» деген әдемі сөз қазақ келіндерінің сұлулығына, ұстамдылығына, шеберлігіне тамсанып, сүйсінгенде айтылған болар.

Қобда ауданында жыл сайын әр ауылдың келіндерінің басын қосып, байқау өткізу дәстүрге айналған. Оны аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Айман Сарбала ұйымдастырады.

— «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында аудандық «Жақсы келін — ырысың» атты келіндер байқауы үнемі өткізіліп тұрады. Ондағы мақсатымыз —қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ұлттық киімдерін насихаттау. Байқауға биыл Жарық, Талдысай, Әлия, Терісаққан, Жаңаталап, Қобда ауылынан барлығы алты келін қатысты. Олар өзара сайысқа түсіп, салт-дәстүрімізді насихаттады. Біліктілігі мен білімін көпшілікке паш ете білген олар жылы пікірге ие болды, — дейді А.Сарбала.

5 кезең бойынша сынға түскен келіндер өздерін, отбасын таныстырып, отбасылық құндылықтарға сай салт-дәстүр, тұрмыстық салт, жөн-жоралғыға қатысты сұрақтарға жауап беріп, білгенін ортаға салды. Өнер көрсету кезеңінде келіндердің шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, көркем сөз оқу шеберлігі сыналды.«Қылығына сай екен киімдері-ай!» кезеңінде келіндер қазіргі заманға лайықталған ұлттық киімдерден сән үлгісін көрсетті.

«Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» дегендей, келіндеріміз ән-жыр айтумен шектелмей, салт-дәстүрмен сабақтасқан сұрақтарға жауап беріп, қазақтың салт-дәстүр құндылықтарын дәріптейтін көріністер қойды.

Кей келіндеріміз сөзге жоқ болғанымен, іске шаруа екенін көрсетті. Байқау барысында ауданымызда  жан-жақты, білімді, мәдениетті, ісмер, аспаз, ақылына көркі сай келіндер көп екендігін байқадық. Жүлде алған келіндерге сыйлықтар берілді.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.  

  • Кәсіп

«ТӨЛЕГЕНДЕ» ТЕБІНДЕГЕН ТӨРТ ТҮЛІК

Ұлы Борсық құмының шұрайлы баурайы табиғаттың қай мезгілінде де төрт түлікке қолайлы. Ата-бабаларымыз  қыста осы құмның ішіне малды айдауының сыры тереңде. Өткен кеңес дәуірінің дәуірлеп тұрған шағында бұл құмға жағалай орналасқан кеңшарлардың отар-отар қойлары қыстан қысылмай шығып, көктемде шығынсыз өнгеніне өткен күндер естелігі куә. Сол тұста күні бойы керзі етігін бір шешпей, мал қамымен тыста жүрген қойшылардың еңбегін өзгеге үлгі еткен репортаждар жергілікті басылымдарға жарияланып тұратын-ды. Баспасөз бетіне шығатын мақтаулылардың қатарында Шалқар ауданына қарасты «Жаңақоныс» кеңшарының аға шопаны Рамазан Төлегенов те болды. Күні бүгінге дейін үйінде сақталған өлкелік «Коммунизм таңы» газетінің сарғайған қиындысындағы тақырып «Шопан тартуы мол» деп қойылыпты. Онда: «…совхоз еңбеккерлері Рамазанды әркез мақтан тұтып, оның игілікті тәжірибелерінен үлгі-өнеге алып отырады. Рамазан жылдың қай мезгілінде болса да өзіне бекітілген малдың күйін тайдырмай бағып күтеді. Ол онбірінші бесжылдықтың бірінші жылын табысты аяқтап, екінші жылына да көтеріңкі социалистік міндеттеме қабылдаған болатын. Биылғы төл алу науқанында Рамазан берген уәдесінен шықты. Яғни ол жыл басында бекітілген саулықтың әр жүзінен 117-ден қозы алып, әр тоқтының салмағын 35 килограмнан етке өткізді», — деп аға шопанның еңбегін айтып, абыройын асқақтатқан.

Рамазан ақсақал — өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғынан бері еңбектен қол үзбей, ауданымыздың мал шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан алдыңғы буын өкілдерінің бірі. 2019 жылы 83 жасында өмірден озғанға дейін Рамазан ақсақал аттан түспеді, шаруашылық басында болды. Табандылықпен өрілген еңбек жолы ескерусіз қалмады. 1980 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен ХШЖК (ВДНХ) екі қола, бір күміс медалімен марапатталды. 1974, 1975 жылдары Социалистік жарыс жеңімпазы, «Қазақ КСР-нің ең таңдаулы шопаны» атағын алады. Сондай-ақ Қазақстанның ХХХVIII Жастар партиясы конференциясының таңдаулы мүшесі болғаны және бар. 2002 жылы 66 жасында бақилық болған өмірлік қосағы Сәнім Кенжебайқызы екеуі алтын асықтай 9 бала дүниеге әкеліп, мағыналы ғұмыр кешті. Балаларынан тараған 27 немере мен 28 шөбере бүгінде Рамазан әулетінен тараған мәуелі бәйтерек бұтағындай саялы.

Таңмен таласа тұрып, іңір түсе үйге кіретін Рамазан әке мен Сәнім ананың тындырымдылық қасиеттері балаларын айналып өтпеді. Соңдарынан ерген ұл-қыздары еңбекке ерте араласты, үйде өздеріне қолғанат болды. Әрқайсысы бүгінде іскерлікке тәрбиелеген әке-шеше жолынан ауытқымай, бір-бір шаңырақтың босағасын нықтады. Малшы қауымының қыста мұз жастанып, жазда күнге қақталып күй кешетін қыстағы мен жайлауы — қойшы балаларының қиялын көкке жетелейтін, балауса армандарын асқақтататын киелі мекендері. Рамазан ақсақалдың Ұлықұмның ортасында өсетін қызыл талдан қиып алған ұзын құрығының сан жылдар бойы жер сызған өрісі — «Сор құдық», «Таңатар базы» қыстақтары мен «Томар құдық» жайлауының табаны болды. «Әкеден ұл туса — игі, әкенің жолын қуса — игі» дейді халық даналығы. Осы  қанатты сөзден Рамазан әке балалары оң нәтиже шығара алды. Шаруашылық ебін білетін әкелерімен кеңесе келіп, ел егемендік алған соң жеке қожалық құруға бекінді. Оған үлкен аталарының есімін теліп, «Төлеген» шаруа қожалығы деген атау берді. 1998 жылдың 15 сәуірінде құрылған қожалықтың әу бастағы қанатқақты қадамы бүгінде жүйелі бағытқа айналды. Қожалықта қазір төрт түлік мал тең өсіп келеді, отын-суын, қысқы мал азығын әзірлейтін қуатты техникалары бар. Бұл жерде әке жолын қуған ұл — Амантайдың жауапкершілігін бөліп айтуға болады.

Амантай Рамазанұлы қазір 47 жаста. Әке жолымен жүріп, шаруашылықтан шалғай кетпеді. 1991 жылы Сарықамыс мектебінен орта білім алғаннан бері осы қожалықтың қамымен келеді. Оның «Төлеген» шаруа қожалығына төраға болып, атакәсіптің өрісін кеңейтуге кіріскеніне де ширек ғасырдан асты. Үнемі түзде шаруамен жүретін жігіт ағасының бабын үйінде зайыбы Дания жасайды. Мектепті жақсы оқыған Арайлым, Айтолқын, Назерке есімді қыздарының әрқайсысына жоғары білім алуларына жағдай жасады.

Ауылшаруашылығы мамандарының басын қосатын дәстүрлі мерекелерде Шалқар қаласына қарасты «Төлеген» шаруа қожалығының аты аталып, талай марапаттар тапсырылды. Осы шаруа қожалықтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін былай қойғанда, жекелей қайырымдылық шаралардан да қалыс қалған емес.

2013 жылы жергілікті әкімшіліктің ұсынысын бірауыздан қолдаған Амантай Рамазанұлы мал өнімдерін Елорда төріне жеткізіп, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып қайтты. Батыс беткейден сонау Сарыарқа төріне арқаланып барудың өзі былайғы адамға күрделі шаруа. Алайда  Амантай Рамазанұлы алыс сапарларға шығудан тартынбайды. Өйткені ол бозторғаймен бірге оянып, маң далаға ертемен малын өргізіп, күні-бойы қырда жүретін кәнігі қойшының баласы.

Кезінде қой шаруашылығына білек сыбана кірісіп, еңбегінің өтеуімен Польша, Чехословакия елдерін аралап, бірқатар марапаттарды иеленген Рамазан әкенің қарышты қадамы — ұрпақтарына қалдырған  бағдаршам іспеттес. Әке аманатын арқалаған балалары сол бағдаршамды өздеріне шамшырақ етумен келеді…

М.МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

  • Пікір

ҚЫЗ БЕН КЕЛІН

Үлбіреп өсетін қыз әрқашан төрде отыратын мен білетін әулетте. Мен білетін, мен танитын, мен көрген ауылда базардан алынған тәтті тамақ, әдемі киім ең алдымен қызға ұсынылады. Себебі «қыз — қонақ». Бірақ ақыл тоқтататын кезге дейін «Келін қандай болады?» деген сұраққа бас ауыртпаппын… Адам кезкелген жағдайды өз басына келгенде ғана ой елегінен өткізеді екен.

Сонымен… Келін атанып ақ босағаны аттадым. Алғашқы уақытта өзімді қонақта жүргендей сезіндім, әне-міне өз үйіме қайтатындаймын. Ата-анамды қалай сағынғанымды айтып жеткізе алмаймын. Ата-анамды өзгеге өз еркіммен айырбастағандай сезім менің көзімнен еріксіз ащы жас шығаратын. Өз үйімде жасамаған жұмысқа басқа үйде өз еркіммен жегілгеніме іштей ашуланатынмын. Інілерім мен сіңлімнің бір айтқанын тыңдамай, ерке өскен мен қайныларымның бетіне қарап, қас-қабағын бағып отыратыныма ішім ашитын. Балалық. Шалалық…

Бірақ өзімді балаға теңесемде, келіннің қыз болмайтынын түсіндім. Жаңа түскен келіннің көңіліндегі ата-анаға, бауырға, қыз-ғұмырға деген сағыныш басылмаса, оны қасыңдағы жаңа адамдар түсінбесе, қолдау көрсетпес, міне, ең қиыны — сол. Ол сағыныш жараға айналуы мүмкін. Ол жара дер кезінде ем жасалса, ауырмайтын, іріңдемейтін, асқынбайтын жара біле білгенге. Ол жараны емдейтін — күйеу, ол жараның бітелуіне бас болатын — ене, ол жараның енді шықпауына ықпал ететін — ата. Бірақ көп жағдайда «жазылатын» жараның асты іріңдеп, беті қанап, асқынып кететіні жүректі ауыртады. Сөз естілмеген кезде, ой тыңдалмаған кезде, көңіл бөлінбеген кезде… Айта берсем көп-ау…

Келісемін, келін қыз емес! Ол — келін, ал келіннің өзінің міндеттері бар. Ол міндеттер — жазылмаған заң. Бірақ сол келіндік міндеттерін атқарып жүрген жанның өзі ата-енесіне жақпаса, қайтпек керек? Кім кінәлі? Жаға алмаған, көңілді таба алмаған келін бе, әлде бауырға басуға тырыспаған ата-ене ме? Мүмкін, екі ортада қалып, көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей болуды таңдаған күйеу болар? Бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын. Білерім біреу ғана:қыз бала өз үйінде, әке-шешесінің қасында еркелеп өсуі керек екен. Қызымызға барынша қамқорлық жасап, аялауымыз шарт. Өйткені ертең барған жерінде жылулық көрмесе, туған үйінен алған жылу қалған өміріне жетерліктей болуы қажет.

Мен де өз қыздарымды махаббатыма бөлеп өсіріп келемін. Бар жақсыны көріп, бар жылуды сезініп, махаббатқа бөленіп өссе деймін. Балаларымызды балалығынан ерте айырмау үшін бәрін жасайықшы, ата-аналар.

Айдана ИСЕКЕНОВА,

Қандыағаш қаласы,

Мұғалжар ауданы.  

  • Үлгі

ЖАС ПОЛИЦЕЙДІҢ ҚЫРАҒЫЛЫҒЫ 

Ақтөбеде тәртіп сақшысы көмекке мұқтаж екенін ишарамен білдірген жігітті қылмыскерлерден құтқарды. Тәртіп сақшысы көмекке мұқтаж адамның қол қимылын байқап, дереу әрекет етеді. Бұл — 9 желтоқсанда болған оқиға.

Әкімшілік учаскеде профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Аймереке Мұханбетқазина Әбілқайыр хан даңғылындағы кафелердің бірінің жанында дауысын қаттырақ шығарып сөйлескен үш жас жігітті байқайды. Полиция қызметкерін көрген жігіттер бірден тынышталды. Олардың әрекеттері инспектордың күдігін тудырды. Полицей оларға жақындаған кезде жас жігіттердің бірі адамның көмекке мұқтаж екендігі туралы халықаралық сигнал — қол қимылын көрсеткенін байқады. Жігітке қауіп төніп тұрғанын түсінген Мұхамбетқазина бірден 102 нөміріне қоңырау шалып, әріптестері келгенге дейін құқықбұзушыларды өз бетінше ұстауға тырысты. Ол шабуылдаушылардың бірінің қолында пышақ тәрізді зат бар екенін байқап, оларды әңгімеге тартты. Осы уақыт ішінде полиция жасағы оқиға орнына жетті. Келгеннен кейін тәртіп сақшылары құқықбұзушыларды ұстады. Жастар ақшаға қатысты даулы мәселені шешкені анықталды. Істің өзге мән-жайларын полиция анықтайды.

Бұл оқиғада, ең бастысы, полицей көмек қажет еткен адамның берген белгісін түсініп, дер кезінде әрекет еткені. Әйтпесе жағдай басқаша болар ма еді… Көмекке мұқтаж екендігі туралы халықаралық сигнал — қол қимылын бәріміздің білгеніміз абзал.

Е.САРҚҰЛОВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button