Тарих

Атасын іздеген адам көп

Архив

Архивтегі әр құжат — өткен тарихымыздың бір-бір дерегі. Теперішті көп көрген, тарихы аяусыз бұрмаланған халықтың өткенін зерттеу, түгендеу оңай болмайды.

Қолдағы әр дерекке ақиқат көзімен, тәуелсіз сана көзілдірігімен қарау қажет. Кеңестік кезеңнің«көзілдірігін» әлі күнге дейін шешпеген зерттеушілерден тарихқа адалдық күту қиын.

Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап өзінің саясатын қуғын-сүргін шараларымен бастады. 1918 жылы 21 ақпанда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Социалистік Отанға қауіп төнуде»атты декрет қабылдады. Оның 8-бөлімінде: «Неприятельские агенты, спекулянты, громилы, хулиганы, контрреволюционные агитаторы, германские шпионы расстреливаются на месте преступления» — депжазылды. 1920 жылданбастап ВЧК-ГПУ-НКВД халықарасынан«кеңестергеқарсымәліметтерді»жүйелітүрдежинаған.

2020 жылы Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін, архивтердегі сол кезеңге қатысты көптеген құжаттар ғылыми айналымға енгізіліп,тарихшылар ғана емес, заңгерлер, философтар, әлеуметтанушылар, дінтанушылар, саясаттанушылар тарапынанда зерттеліп жатыр.Жан-жақты талдау жасалып, зерделенген тарих халыққа түсінікті болады. Сондықтан тарихи деректердің жоғарыда аталған әр салада ғалымдарының назарына ілігуі — құптарлық жағдай. Әсіресезаңгерлер кеңестік биліктің қаулы-қарарлары, заңдарының адам құқығын аяққа басқанын айқын дәлелдеп бере алады.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві 1923 жылдың соңында құрылған.

Архив қоры деректерге тұнып тұр. Талай ғылыми еңбектер жазуға жетерлік материалдар іс-іс болып, мұқият түрде сақталып отыр. Зерттеуші ретінде байқағанымдай, Марат Төлебай басқаратын архивұжымы көне құжаттардың, істердің сақталуына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұдан10 жыл бұрын қараған құжаттар сол қаз-қалпындағы күйімен қолымызға қайтадан келгенде, риза болдық. Өйткені әр істің артында адам тағдыры бар. Архив қызметкерлері де сол тағдырдың сұрауы барын жақсы түсінеді.

Архивте сақтаулы құжаттардың бір бөлігі — 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін шараларына қатысты деректер: мысалы, қазақ ауылдарының жойылып, орнына кеңестік ауылдардың қалыптасуы, мал санының қалай азайғаны, ашаршылық жылдарының қайғы-қасіреті, балалар үйіндегі қасіретті тағдырлар, түрлі деңгейдегі (облыстық, аудандық, округтік) партия отырыстарының хаттамалары (саяси қуғын-сүргін партия арқылы жүргізілген), ОГПУ мәлімдемелері, тәркілеу кезінде біздің өңірден өзге аймақтарға жер аударылған адамдардың тізімі, «аштан өлгенше соғысып өлейік» деп ашынған халықтың көтерілісі, қудаланған діни қайраткерлер, депортацияланған ұлттардың тағдыры,т.б.Бір ерекше назар аударатын жайт — қазіргі Ақтөбе облысының жерінде Алашорда үкіметін қолдаған адамдардың көп болғаны. «Назар-жекей» деген атпен кеңестік биліктің қолдан ұйымдастырып, ойлап тапқан «рулар күресі» де жергілікті жерлердегі Алаш зиялыларын қудалаудың бір көрінісі.

Байларды жою саясаты қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын күйретті. Әлеуметтану ғылымына сүйенсек, кез келген қоғамның дамуы, әлеуметтік деңгейі материалдық игіліктерді табу көз және байлардың саны арқылы анықталады. Қоғамда байлар көп болған сайын, мемлекеттің шығыны азаяды және шынайы демократизм қалыптасады. Кедейлердің мемлекетке тәуелді болатынын түсінген кеңестік саясаткерлер халықтың бас көтерер байларын жоюды алдын-ала бүге-шігесіне дейін ойластырылған шаралар арқылы жүргізді.

Байларды жоймастан бұрын, дәстүрлі дінге шабуыл басталды. Бұл мәселе туралы жергілікті зерттеушілер салмақты еңбектер жазып жатыр. 1928 жылғы партия құжаттарында қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайының бұрынғыдай еместігін, әлсіз даму деңгейін көрсететін мәліметтер жиі кездеседі. Осы жылы байларды тәркілеуге байланысты партия комитетінің жабық жиналыстары жер-жерде өткізіліп, «Байлар қарсыласса, тұтқындау керек» деген нұсқау таралды. Байлар, орташалар отбасыларымен бірге қуғын-сүргінге ұшырайды. Мал-мүліктерін тәркілесе де, өздерін туған елден алыс өңірлерге жер аудармауын өтінген байлардың арыз, өтініштері Ақтөбе архиві құжаттарында өте жиі кездеседі.

1928 жылы кеңес өкіметі қазақ байларын төмендегідей жікке бөлген: 1) бай, құрметті кісі; 2) бай, мал сатумен айналысушы (бай торговец); 3) орташа,«сасық бай»; 4) бай-атқамінер.

Ал кедейлерді былайша бөледі: 1)діни көзқарасы жоғары кедей; 2) баймен жақсы араласатын кедей; 3) өзінің таптық мүддесін сезінген кедей.

Жаппай қуғын-сүргін саясатымен байланысты сот-тергеу орындарына да талап күшейді. Тәркілеу барысындағы қылмыстық іс 2 күннің ішінде қаралып, үшінші күні үкім шығарылды. Кәмпескеленген мүліктердің көпшілігі заңсыз тартып алынып, есепке алынбай колхозға тапсырылды, ал бірсыпырасын кеңестік қызметкерлер сатып та жіберген. Нәтижесінде қай мүліктің қайда, кімге тапсырылғаны туралы ешкім білмеген.

Кеңестік билік адамды — адамға, руды — руға, кейінгі ұрпақты аға буынға қарсы қоюда асқан шеберлік танытты. «Революцияға» дейінгі қазақ «қараңғы, надан еді» деген насихат барынша қарқынды және жан-жақты жүргізді. Ұлттың дәстүрлі дамуындағы ерекшеліктер «артта қалушылық» ретінде белгіленді. Сөйтіп, жаңа «кеңес адамын» қалыптастыру мақсат етілді. Кеңестік биліктің саясатына Ресей мен барлық республикалардағы сол кездегі күллі көзі ашық, терең білімді адамдар қарсы болды.

Алаш зиялылары «Қазақ» газетіарқылы аз уақыт ішінде халықтың ұлттық санасын көтеріп кеткен еді. Олар көкейкесті проблемаларды халықпен бірлесе шешуге тырысты. Біздің облыстың Ырғыз, Ойыл, Темір, Шалқар, Байғанин, Қобда  аудандарында Алаш қозғалысына қатысқандар мен оған тілектестік танытқандар көп болған. Ал Алашқа ниеттестер көп болған жерде саяси қуғын-сүргін де «қарқынды» жүрді.

Осы тұста Алашорда үкіметіне Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің де қолдау білдіргенін айта кетуіміз керек. Мәселен, «Қазақ» газетінде: «Қазақ милициясы үшін 500 мың сом алып берген Шкапский сабазды, баласымен екеуін большевиктер абақтыда атып өлтірді», — деп жазылған. Бұл дерек 1998 жылы Ұ.Субханбердинаның құрастыруымен шыққан кітапта көрсетілген және бұл жерде  «қазақ милициясы» деп Алаш милициясын айтып отыр.

Міне, деректер осылай сөйлейді. Биылсаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның «Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендер» жұмыс тобының мүшесі ретінде

Ақтөбе қаласындағы облыстық мемлекеттік архивте, оның Бадамша, Қобда және Шалқардағы филиалдарында болып,1920-1950 жылдардағы құжаттар бойынша жұмыс жасадым. Қобдадағы архивте —Мәртөк (1928 жылдан бастап) және Ойыл (1923 жылдан бастап)аудандарының құжаттары, ал ШалқардағыфилиалдаШалқар (1925 жылдан бастап), Ырғыз(Ырғыз уездік әскери комиссариатының құжаттары 1920 жылдан бастап кездеседі), Темір (Темірдегі түрменің құжаттары — 1918 жылдан, ал Темір уездік әскери-революциялық комитетінің құжаттары 1919 жылдан бастап кездеседі) және Байғанин ауданы бойынша құжаттар сақтаулы.1920-30 жылдардағы құжаттар төте жазумен жазылған. Арасында латын графикасымен жазылғандары да бар. Бұл құжаттар — халқымыздың сол кезеңдегі тарихын зерделеуге аса қажетті, баға жетпес мұра.

Бадамша филиалында 1941 жылы депортацияланып келген неміс ұлты өкілдеріне қатысты құжаттар да жинақталыпты.

Биыл құрылғанына 100 жыл толған Ақтөбе облыстық архиві ұжымының зерттеушілерге түсіністікпен қарап, үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айрықша айтқым келеді.Ал тарих зерттеушісіне қолдау көрсету — ұлт тарихына деген жанашырлықтың белгісі.

Сондай-ақ осы сапарымда облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» патриоттық-танымдық клубының мүшелерімен, оның жетекшісі Жібек Абдуллинаменкездесіп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ұрпақтарымен сұхбаттастық. Клуб жұмысы барысында Ақтөбе өңірі бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған діни қайраткерлердің өмір жолы, тағдыры, олар ашқан мешіт-медреселер, кейінгі ізбасарлары төңірегіндеізденістер жүргізіледі екен. 1929-1931 жылдардағы көтерілістердің көпшілігін жасы 75-ке келсе де, қолына қару алып, өз жұртына теңдік іздеген діни қайраткерлер мен байлардың басқарғаны белгілі.

Осы іссапар барысында 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндер кезінде қудаланып, кейін ақталған, ақталмаған құрбандардың бүгінгі ұрпағы сол ата-бабасының тағдырына қатысты қатты толғанатынын байқадым. Атасын іздеген, оған қатысты дерек, құжат іздеген адам өте көп екен. Бұл да ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы шерлі тарихтың әлі де толыққанды зерттелмегенінің, түгелденбегенінің бір көрінісі.

Ол заманның шындығы әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

 Құралай СӘРСЕМБИНА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Астана филиалының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button