Жаңалықтар

Азық-түлік бағасы бақылауда

Amanat партиясының бақылау тобы Ақтөбе қаласындағы бірқатар сауда орындарында болып, қарапайым халық тұтынатын тауарлардың бағасын бақылап қайтты.

Іс-шараға қалалық мәслихаттағы фракция мүшелерімен қатар, кәсіпкерлік бөлімі мен Астана ауданы әкімдігінің мамандары атсалысты.
Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ләйлім Кобдикованың айтуынша, осы күнге дейін қаладағы 300-ден астам сауда дүкендеріне бақылау жүргізілген. Астана және Алматы аудандары әкімдігінің мамандары күн сайын, ал қоғамдық ұйымдармен бірге ай сайын мониторинг жасайды. Бағаны негізсіз өсіру, баға белгісінің болмауы сияқты кемшіліктер байқалған жағдайда дереу тиісті орындарға хабарланып отыр.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Бауыржан Әлидің мәліметі бойынша, ақпан айынан бастап кәсіпкерлерге қатысты 36 әкімшілік іс қозғалған. Оның ішінде 15-і әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесінің мөлшерін арттырса, 21-іне тауар бағасын көрсетпей сатқаны үшін және тауар құны кассадағы бағамен сәйкес келмегені үшін айыппұл салынған. Жыл басынан кәсіпкерлерге салынған айыппұл мөлшері – 572 мың теңге.
Қалалық мәслихаттағы Amanat фракциясының мүшесі Олжас Мектепбаев күнделікті тұрмыста азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол бермеу – басты мақсат екенін айтты. Әсіресе, тұрғындар жиі тұтынатын тауарлар бағасы қолжетімді болуы халық үшін үлкен көмек.
– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік санаты іріктелген. Олардың бағасының тұрақты болуын жергілікті атқарушы органдармен бірге үнемі назарда ұстап келеміз. Бүгін баға өсімі байқалған жоқ. Дегенімен үй жанындағы дүкендерде кейбір тауардың бағасы болмады. Бақылау жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз, – деді ол.

Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button