Тозығы жеткен лифтілер ауыстырылып жатыр

Өткен аптада облыс орталығындағы Шернияз көшесі, №16 үйдегі лифт жаңартылды. Лифтті «Alent-C» түрік комнаниясы қалалық әкімдікпен жасасқан меморандум аясында тегін орнатты.
Осы жағымды жаңалықтан кейін қаладағы тозығы жеткен лифтілердің жағдайын біліп қайтқанды жөн санадық.
Сонымен…
Тозығы жеткен 93 лифт ауыстырылады
Алдымен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне барып, мән-жайды білдік. Біздің сұрақтарымызға осы бөлімнің бас маманы Нұржан Нағметов жауап берді.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласы бойынша көп қабатты тұрғын үйлердегі 93 лифт жаңартылады. Тозығы жеткен жеделсатыларды ауыстыру үшін республикалық бюджеттен 751,1 миллион теңге қаражат бөлінген.
— Қаладағы көп қабатты 305 тұрғын үйде 659 лифт бар. Оның 238-інің нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан, яғни ауыстыруды қажет етеді. Бөлінген қаражат есебінен биыл 93 лифтті жаңартып жатырмыз.Қазір 88-і пайдалануға берілді. Қалған бесеуін жыл соңына дейін ауыстырамыз.
Шернияз көшесіндегі №16 үйдегі лифтіні түрік компаниясы қалалық әкімдікпен жасасқан меморандум аясында тегін орнатты. Оған республикалық бюджеттен бөлінген қаражат жұмсалған жоқ, — деген Нұржан Нағметов келер жылы қалған 145 лифтіні ауыстыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Бір лифтінің қолдану мерзімі — 25 жыл. Осы уақыт ішінде лифт бұзылып қалса, техникалық қызмет көрсететін компания тұрғындардың қаражаты есебінен жөндейді. Ал 25 жылдан кейін тұрғындардың пайдалану мерзімі өткен лифтті ауыстыруы керек.Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында лифтілер пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне тиесілі делінген.
— Лифт — қауіпті техникалық құрылғы. Олар өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасына жатады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін техникалық мамандар уақтылы жоспарлы тексеруден өткізіп, кем-кетігі болса, дер кезінде жөндеп отыруға тиіс. Сондай-ақ жеделсатылар жылына кемінде бір рет мерзімді техникалық куәландырудан өткізілуі керек. Лифт тұрғындарға ортақ меншік болғанымен, оған жеке тұлғалар қызмет көрсете алмайды. Яғни техникалық қызметтерді арнайы құжаты бар заңды тұлғалар ғана жүзеге асырады, — деді Нұржан Нағметов.
Біле жүріңіз
Өрт кезінде эвакуацияда лифтті пайдалануға қатаң тыйым салынады!

Қайдан әкеледі?
Биыл қала бойынша лифт ауыстыру жұмыстарымен екі мердігер мекеме айналысып жатыр. Соның бірі — Ақтөбедегі «Qaz-Bel Лифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңадан орнатылып жатқан лифтілердің қайдан әкелінетінін сұрап, сапасын білуүшін серіктестік директоры Ботагөз Жұмағалиеваға хабарластық. 2014 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген кәсіпкер жеделсатыларға қатысты бірқатар ақпаратпен бөлісті.
Нарықта 10 жылға жуық тәжірибесі бар компания — Беларусьтің Могилев қаласындағы лифт-машина жасау зауытының ресми дилері.
—Жаңа лифтілерді шетелден әкелеміз. Биыл облыс орталығындағы үйлерде орнатылғанлифтілер — Беларусьтің Могилев қаласындағы лифт-машина жасау зауытының өнімі.Ақтөбе қаласымен қатар,Алға қаласындағы көпқабатты 3 үйдің жеделсатыларын жаңарттық. Барлық үйде лифт шахтасы дайын болғандықтан, біз жобалық құжаттарды соған шақтап әзірледік.
Ақтөбедегі тозығы жеткен лифтілердің көбі — кеңес заманында салынған Самарқандтағы лифт зауытының өнімі.Өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар олардың көбі механикалық басқаруға негізделіп жасалған. Біздің орнатып жатқандарымыздың барлығы заманауи әрі қауіпсіз, — деді серіктестік директоры.
Сондай-ақ ол лифтілердің ұзақ уақыт пайдаға жарамды болуы күтіп ұстауына байланысты екенін айтты.
— Әр лифтінің жарамдылық мерзімі жазылған жеке құжаты болады. Біз қондырып жатқан лифтілердің жарамдылық мерзімі — 25 жыл. Не нәрсені де күтіп ұстасаң, ұзаққа барады. Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарып, оны күтіпұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға ретінде тіркелген басқарушы компаниялар уақытында техникалық тексерістен өткізіп, дұрыс пайдалануды қамтамасыз етсе, лифт те дұрыс жұмыс жасайды, адамдарға да қауіпсіз, — деді Ботагөз Жұмағалиеваға.
Лифтінің тарихын білесіз бе?
Ежелде египеттіктер пирамиданы тұрғызып жатқанда тастарды жоғары шығару үшін бүгінгі лифтілерге ұқсас көтермелерді қолданған екен.
Интернеттегі кей сайттарда алғашқы лифтіні біздің дәуірімізге дейінгі 236 жылы әйгілі Архимед тұрғызғанын және жаппай қолданысқа енгізуді армандағанын жазыпты. Ал енді бірінде әлемдегі алғашқы лифтілер Версальде XV Людовиктің сарайында салынған дейді. Содан кейін орыс монархтары да өздерінің қысқы сарайларына орналастырған дейді-мыс.
Алғашқы қауіпсіз лифт «Отис» фирмасында іске қосылыпты. Ол өте жай қозғалатын болған. Бірақ бұл лифттердің шынжыры үзіліп кететін жағдайда сақтану қиын болғандықтан оны адамдар көп қолданбапты.
Неге тоқтап қалады?
Бұл сұрақты қаладағы 100-ге жуық жеделсатыға сервистік қызмет көрсететін «Ақтөбе Қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Книсаринге қойғанбыз. Ол лифтілердің сапасының нашарлығынан бөлек, тұрғындардың салғырттығының салдары да оның тоқтап, сынып қалуына әкелетінін айтты.
—Лифт шығаратын брендтердіңбарлығының өнімдеріАқтөбеде бар. Олардың әрқайсысының сапасын жақсы білеміз. Дегенмен лифтілердің ұзақ уақыт сынбай жұмыс жасап тұруы оған техникалық қызмет көрсететін компанияға байланысты. Үнемі бақылауда ұстап, құрал-жабдықтарын ауыстырып отырса, көпке дейін қызмет етеді. Мәселен, қалада 40-50 жыл жұмыс істеп тұрған лифтілер бар, сондай-ақ 3-4 жылда істен шыққан жеделсатыларды да көріп жүрміз, — деген ол 12 жасқа дейінгі балаларға ата-анасының қарауынсыз жеделсатымен жүруге рұқсат бермеу керектігін айтты.
— Баланың аты — бала. Сондықтан оның жалғыз өзін лифтіге жібермеген жөн. Бұл — ең алдымен оның қауіпсіздігі. Екіншіден, кейде балалар ойнап, әр қабаттың нөмірін басып тастайтын кездері болады. Осындай жағдайлар қайтала берген соң лифт істен шығады.
Тағы бір айтарым, адам лифтінің ішінде қалып қойған жағдайда өздігінен шығуға болмайды. Бұл өте қауіпті. Тұрғындардың көбі лифтер келгенше шыдамай, қара күшке салып, есікті ашып шығып кетеді, — дегенсеріктестік директоры тұрғындарға тағы бір мәрте лифт қызмет көрсету ақысын дер кезінде төлеп тұру керектігін еске салды. Өйткені жұмысшыларға беретін жалақы да, лифтілерді жөндеуге керекті құралдар да сол ақшаның есебінен алынады.
Сондай-ақ ол бүгінде қаладағы көп үйлердің электр жүйелері де ескіргенін айтты. — Тозығы жеткен электр желілері де лифттердің жұмысына кері әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан тұрғындар осы мәселеге де мән беріп, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп алғандары жөн, — деді ол.
P.S.2018 жылы Ақтөбедегі көп қабатты тұрғын үйлердің бірінің лифтісінде болған оқиғаны көпшілік ұмыта қойған жоқ. Жап-жас келіншектің ажалы тозығы жеткен жеделсатыдан болған еді.
Республиканы дүр сілкіндірген бұл оқиғадан соң қаладағы лифтілерді жаңарту жұмыстары жанданды. Бұл жұмыстар мыңдаған адамның қауіпсіздігі екендігін ескерген Ақтөбе билігі келер жылы тозығы жеткен лифтілерден түгел құтылмақ.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



