Жаңалықтар

 Зорлық-зомбылыққа жол бермейік

Акция

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы шеңберінде облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға спорт мектебінің қызметкерлерімен қатар, қаладағы бірқатар спорттық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Елімізде 25 қарашадан бастап «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» тақырыбында үлкен науқан басталды. Бұл — халықаралық науқан. Қазіргі күні аталған акция аясында ел аймақтарында, соның ішінде облыс деңгейінде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Біз облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерін акцияның мән-маңызын түсіндіру жұмыстарына бөлдік. Соның бірі — спортшылар арасында осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, —  деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Маханова.

Оның айтуынша, бұған дейін мұндай іс-шара медицина, білім беру саласы ұжымдарында өткізілген. «Көптеген тұрмыстық зорлық-зомбылық жасырын қалады, айтылмайды. Бізді қуантатыны — акция аясында ұйымдастырылып жатқан басқосуларға ер адамдар да, әйелдер де қатысады. Олар біздің берген ақпаратымыздан түйін түйіп, бір нәтиже шығарады деген ойдамын. Мәселен, жақында Ақтөбе қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездескеннен кейін кейбір қызметкерлер кері байланысқа шығып, психологиялық көмек сұрап жатыр», — деді ол.

Басқосуда Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының психолог мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың адам психикасына әсерін айтып, орталық жұмысымен таныстырды.

Гүлжан Маханова мұндай тақырыптағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұдан әрі кәсіпкерлік саласы өкілдері арасында ұйымдастырылатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Көнуге және кешіруге болмайды

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің атсалысуымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» акциясының аясында көптеген іс-шаралар, кездесулер өткізіліп жатыр.

Ақтөбедегі №3мектепте өткен кездесуге педагогтер мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық жасалмауы керектігін жоғары сынып оқушыларына түсіндіру қажет.

Комиссия мүшесіЕркін Шүкірованың айтуынша, ай сайын өз күйеуінен қорлық көрген жүздеген әйел құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан мүгедек болып, тіпті өліп қалып жатқан әйелдер де бар.

Сондықтан зорлық-зомбылыққа көнбеу керектігін балалардың құлағына жастай сіңіру қажет. Бізде, керісінше, отбасындағы жағдайларды сыртқа шығармау керек, «ұят болады» деген тәрбиеге көбірек мән беріледі. Сөйтіп, жұрттың пікірінің «дұрыс» болуын күйттеп жүргенде, денсаулығынан, күнделікті тыныштығынан айырылған адамдар көп, — деді Еркін Шүкірова.

Әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығының қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға мекеме тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты. Бұл орталықта заңгерлер, әлеуметтік педагогтер, психологтер, тәрбиешілер, т.б. жұмыс істейді. Қазір орталықта 7 әйел мен 19 бала тұрып жатыр.

Осы акция аясында  «Ақтөбе және Ақтөбе облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық қорының мүшелері Аналар үйінде болды. Аналар үйінде тұрып жатқан келіншектер арасында 18-19 жастағы өрімдей жастар да бар.

Хромтаудан келген келіншектің аяғы ауыр әрі екі баласы да бар екен. Ол ажырасып, екі баласына алимент алғысы келеді. Осы мәселе жөнінен заңгерлік көмек сұрайды.

Аналар үйіндегі әйелдерді кәсіпке үйрету де көзделеді. Тігу, массаж жасау және басқа да курстар ұйымдастырып, одан кейін жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр, — дейді «Аналар үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі Майра Өтегенова.

Б.САРИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button