Қараша: қыруар істер атқарылды

Шолу
Қарашада қар жауды. Бұл — қыс хабаршысы.
Енді шамалы уақыттан соң жаңа жылдың жалауы көтеріледі. Демек, бүгінгі басты міндет — бұған дейін қолға алынған шаруаларды тиянақтау, сонымен қатар алдағы жылдың межелерін белгілеуге кірісу.
Қарашадағы жаңалық — елімізде пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Ақтөбе өңірінде Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында халық өз таңдауын жасады.
Басқа біраз тірліктер тындырылды. Енді соларға тоқталсақ…
Инвестициялық меже — 1,1 триллион теңге
Биылғы он айда облыс экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін ол 1,1 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде.
ERG компаниясы Дөң тау-кен байыту комбинатында елу жылғы жинақталған шламды өңдейтін фабриканы іске қосты. Соның нәтижесінде жаңадан 270-тен астам жұмыс орны ашылды.
«АЙС+» ЖШС-да балқытылған сүт өндіру цехы пайдалануға берілді.
Сондай-ақ «Қазақстандық мұнай жабдығы зауыты» ЖШС-ның мобильді бұрғылау қондырғыларын жасайтын және «Мұнай ЛТД» ЖШС-ның мұнай-химия реагенттерін өндіретін зауыттардың да өңір экономикасын көтеруге қосар үлестері қомақты.
Орта кәсіпкерліктің оңды бағыты
Облыста 96860 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
Алдағы уақытта шағын бизнесті өзара біріктіріп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру туралы тиісті заңға өзгерістер енгізілмек.
Бүгінгі күні орта кәсіп иелері үшін субсидия беру, несиелерді кепілдендіру, инфрақұрылым жүргізу арқылы мемлекеттік қолдаулар жасалуда.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 392,6 миллиард теңге құрап отыр.
Келер жылы жүзеге асатын шаралар қатарында «Өркен» аймақтық жобасы бар. Ол Хромтау моноқаласында кәсіпкерлерді қолдауға арналған.
Халықаралық мектеп салынады
Ақтөбе қаласында халықаралық мектеп құрылысы бой көтермекші. Бұл шаруаны Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары қолға аламыз деп отыр.
«International Community Schools» мектебінің құрылтайшысы, Басқарушы директор Мұхаммед Шамма бұл жобаға 6,6 миллиард теңге қаржы салатынын мәлімдеді. Қазірдің өзінде бұл құрылысқа 3 га жер аумағы бөлінді.
Бұл мектепте оқушыларға математика, физика, ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады.
Мектеп ғимараты құрылысы 2025 жылы пайдалануға берілмекші.
Археологиялық орталық ашылды
Ақтөбеде ашылған Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалы ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетіне қатысты археология мұраларды зерттеуге серпін бермекші. Бұл бағытта еліміздің батысындағы төрт облыстың ғылыми әлеуеті күш біріктіріп, зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізеді деп күтілуде. Ғылыми орталықтың ашылуы батыс аймақтағы жоғары оқу орындарының, тарихи-өлкетану музейлерінің, басқа да ғылыми ұйымдардың тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және насихаттау жұмыстарын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жаңа орталық тас дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралықты зерттеуге күш салмақшы.
Спортқа көңіл бөліне ме?
Ақтөбеге туризм және спорт вице-министрінің келуімен байланысты осы саланың даму жетістіктері мен кемшіліктерді сараптаудың бір мүмкіндігі туды.
Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 41,5 пайызы денешынықтырумен жүйелі айналысады. Қазірде 33 спорт ғимаратының құрылысы жүруде. Өңірде 4-17 жас аралығындағы балаларды спорттық секцияларға тарту үшін жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінді.
Алайда облыста спорт инфрақұрылымы тапшылығы байқалады. Сондай-ақ әлем чемпионаттарында алтын медаль иеленген спортшылар жоқтығы да атап өтілді.
Соңғы жаңалық — облыс орталығында өткен аптаның соңында Ұлттық волейбол лигасының талаптарына сай келетін «Alikhan» спорт залы ашылды.
* * *
…Сонымен, желтоқсан есік қақты. Бұл қыстың басы, жылдың соңы.
Сондықтан да жауапкершілігі мол ай. Жылды табысты аяқтап, жаңа 2024 жылдың табалдырығын мол сеніммен, үлкен үмітпен аттайық!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.