Тікпе текеметті жаңғыртқысы келеді

Кәсіп
Тігіншілік — еңбек нарығында қашан да ерекше сұранысқа ие кәсіптің бірі. Көпбалалы отбасында өскен Света Ермекбаева тігіншілікпен бала кезінен айналысып келеді.
«Негізінен, тігіншілік өнері маған әжемнен дарыған. Анам да ісмер. Рахила әжем ауылға танымал шебер болған. Киіз басып, алаша тоқыған. Әжемнен үйренген болар, анам Айғайшаның да қолынан келмейтін іс жоқ. Құрақ құрауды анамнан үйрендім. Бала кезімде оның сан түрлі тоқымалардан керемет дүние шығарғанын көріп, еріксіз қасына отыра қалып, кірісіп кететінмін», — дейді ісмер апамыз.
Бала кезінен тоқыманың, кестелердің түрін үйренген Светаның бұрын бұл істі кәсіп қылу ойында болмаған. Өзінің отбасына, көрші-көлем мен дос-жаранға, сұраған адамға қызметін көрсетіп жүрген-ді. Кейін бұл кәсіптің нарықта жақсы сұранысқа ие екенін байқаған көпбалалы ана, қолөнерді кәсіп қылуға түбегейлі бет бұрды. Қазақтың мүйіз, қосмүйіз, өркеш, шыныгүл, шытырман, түйетабан, сыңарөркеш, тарақ, қосалқа, жіліншік, бөрікөз, құсқанат, тұмарша, бұғанөрнек секілді оюларын бала күнінен бес саусағындай біледі. Сондықтан түрлі бұйымдарды тапсырыспен тігеді.
«Осыдан бес жыл бұрын тігіншілікті кәсіп еткім келіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы үш айлық курсқа жазылдым. Балаларымның қатарластарымен бір партада отырдым. Шәкіртақы алдым. Негізінен, бұл іспен бала кезімнен айналысып, қыр-сырын үйренген адаммын. Алайда қазір кәсіпбастау үшін сенің шеберлігіңді растайтын қандай да бір құжат керек екен. Сол себепті курсқа қатысып, сертификат алдым. Қанша жерден білем десең де, білмейтінің көп екенін сонда түсіндім. Осы курста жастардан тігіншіліктің заманауи жаңа әдістерін, лайфхактар үйрендім», — дейді Света апа күлімдеп.
Ісін заман талабына сай дамытып келе жатқан Света Ермекбаеваның 3D, Versace көрпелеріне сұраныс көп екен.
«Анам үйдегі құрақ көрпелерді өзі тігетін. Оған қоса киіз басып, қоян, түлкі терілерінен ішіктер, баскиімнің түр-түрін тігетін. Ертелі-кеш тігін машинасында отырып жұмыс істейтін анамызды біз аяйтын едік. «Үйдің бәрі көрпеге толды ғой, босқа шаршамай, қойсаңызшы» десек, анам: «Бұл шаршау емес, керісінше, рахат табу. Көңілі сүйген кәсіппен айналысқан адам шаршаушы ма еді?» деп жауап қататын. Сөйтсек, шынында да, адам жанына жақын жұмыспен айналысса шаршамайды екен ғой», — дейді ісмер.
Көрпеден бөлек, ұлттық нақыштағы киімдерге де тапсырыс алады.
«Ұлттық киім киюдің өзі қазақы тәрбиеміздің жоғалмағанын көрсетеді. Бұрын-соңды қазақы көйлектерді тек Наурызда, сахнаға шыққанда киетін қыз-келіншектеріміз, бүгінде тойларғада тапсырыс беріп тіккізіп, тіпті күнделікті өмірде киімінің бір элементіне қазақы ою қосқызып жатады. Осыған қатты қуанамын», — дейді ісмер.
Ол бүгінде ұмыт болған тікпе текеметті қолға алып, жаңғыртқысы келетінін айтты. Кезінде анасынан үйренген өнерге екінші дем беріп, өз кәсібі арқылы жандандыру ойы бар.
Мәдина БОЛАТБЕК,
Алға қаласы.



