Асхат Шахаров жергілікті БАҚ ұжымдарымен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жергілікті БАҚ өкілдерінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында «Ақтөбе Медиа» ЖШС, «Aqtóbe» және «Рика» телеарналарына барды.
Облыс әкімі алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, сондай-ақ «Үштаған» журналының нөмірлері мен жәдігерлері жинақталған мұражай-кітапхананы аралап, ұжыммен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкіміне «Үштаған» журналының редакторы, белгілі ақын Ертай Ашықбаев қос басылымның ұжымы бірнеше жылдан бері баспанасыз келе жатқанын, келер жылы облыстық «Ақтөбе» газеті ғасырлық тойын атап өтетінін жеткізді.
«2024 жылы «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығын тойлайды. Биыл «Актюбинский вестник» газеті 105 жылдығын атап өтті. Осы күнге дейін жеке ғимарат жоқ. Шындығына келгенде, біз қазір пәтер жалдап жүрген кісінің күйін кешіп отырмыз. Сондықтан сізден осы мәселені шешу үшін қолдау, көмек күтеміз»,— деді ол.
Облыс әкімі ғасырлық тарихы бар басылымдардың тарихынан, мерейтойынан хабардар екенін айтып, аталған мәселе басты назарында болатынын жеткізді.
«Қос басылым отырған ғимарат — біз үшін қашан да киелі шаңырақ. Дегенмен ұжымның осы күнге дейін өз баспанасы болмауы — ойланарлық жағдай. Бұл мәселені біз назарға аламыз. Айта кетерлігі, алдағы уақытта ғимарат мәселесін шешсек, серіктестік өзін-өзі қамту үшін қосымша табыс көздерін іздеуі керек, сондай-ақ газет ұжымы ақпараттың уақытылы, сапалы жетуі жолында талмай еңбек етуге тиіс», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысы «Рика» телеарнасының да ұжымымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларын талқылады. Асхат Шахаров мемлекеттік органдардағы ақпараттың халыққа қолжетімділігін арттыруда телеарна, газет, радио маңызды рөл атқаратынын алға тартты.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік желілердегі белсенділік қарқын алды. Алайда, телеарна, газет, радионың орны бөлек. Өз көрермені бар. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Алдағы желтоқсан айында мәслихат үшжылдық бюджетті бекітеді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастырудағы мәселелерді білуге тиіспіз. Сол себепті саланың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бүгін бірқатар нысанды аралап, жай-күйімен таныстық», – деді Асхат Шахаров.
«Aqtóbe» телеарнасына барған облыс әкімі «Жаңалықтар», «Қайырлы таң, Ақтөбе», «Сәті түскен сұхбат», «Ой түрткі», «Ақпараттық сағат», «Иман нұры», «Бестің шайы» сияқты хабарлар жүргізілетін студияларды көрді. Аймақтың айнасына айналған қара шаңырақ ұжымына сәттілік тілеп, сала өкілдерінің жағдайы да қаперде екенін тілге тиек етті.
Д.АЙДАР.












