Жаңалықтар

ҚР Сауда және интеграция министрлігімен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заң жобасы мен ілеспе заң жобасы таныстырылды

Жобаны әзірлеу қажеттілігі және оның мақсаттары туралы Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев түсіндіру береді.

– Бұл заң жобасының бағыты қандай?
– Үкімет әзірлеген «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы бірінші кезекте бизнестің жауапкершілігін арттыруға және тұтынушылық құқықтарды тиімді қорғауға бағытталған.
Әзірлеу қажеттілігі Мемлекет басшысының ел азаматтарына мүмкіндіктер мен әділеттіліктің теңдігін қамтамасыз ету тапсырмасынан, сондай-ақ тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына шағымдардың өсуінен туындайды.

– Шағымдар санының өсуі немен байланысты?
– 2020 жылы Сауда және интеграция министрлігіне 21 мың өтініш келіп түсті, 2022 жылы олардың саны 30,2 мыңға дейін өсті. Ағымдағы жылдың 9 айында өтініштердің саны өткен жылдың жылдық көрсеткішінен асып, шамамен 33 мыңды құрады.
Бұл көрсеткіштер, бір жағынан, тұтынушылық мәдениеттің артқанын, екінші жағынан, жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өскенін көрсетеді.

– Азаматтар қай салаға жиі шағымданады?
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 10 мың респонденттің арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері азаматтардың медициналық қызметтерге -39,3%, интернет-провайдерлерге -33,3%, қоғамдық көлік қызметтеріне-30,7% және басқа салаларға наразылығын көрсетті.
– Заң жобасының жаңалықтары неде?
– Біріншіден, тұтынушыға өз құқықтарын қорғау тәсілі бойынша таңдау ұсынылады: сотқа тікелей шағым беру немесе жосықсыз бизнес субъектісін заң бойынша жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік органға жүгіну.
Екіншіден, заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттарының рөлін, оның ішінде осы салада омбудсменді енгізу арқылы арттыруды көздейді. Сондай-ақ белгісіз адамдар тобын қорғауға талап қою мүмкіндігі енгізілетін болады.
Бұл ретте осы мүмкіндікті іске асыруды омбудсмен және тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мемлекеттік баж төлемей жүзеге асыратын болады.

– Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне қандай құқықтар беріледі?

– Ең алдымен, ішкі нарықтың қоғамдық мониторингі шеңберінде тауарлардың үлгілерін іріктеу және қызметтерді (жұмыстарды) сатып алу құқығы болып табылады.
Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелерін тұрғын үй-коммуналдық тұтыну, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік және тұтыну үшін өзге де қызмет салаларына тарату ұсынылады.
Бұл адам өмірінің барлық салаларында тұтынушылардың құқықтарын кешенді қорғау үшін қажет. Сондай-ақ осы мәселелер бойынша мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді.
– Тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерлер қандай жауапкершілікте болады?
– Кәсіпкерлер үшін құқықтары бұзылған және кәсіпкерлерге жүгіну кезінде сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген тұтынушының пайдасына айыппұл түрінде сот жүктейтін азаматтық құқықтық жауапкершілікті енгізу ұсынылады.
Бұл ретте айыппұл мөлшері тұтынушының талап-арыз сомасының 10 %-нан 50% -ына дейін құрайды.
– Қазір сауда онлайн-платформаға көшуде. Онда сатып алатын тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалады?
– Тоғыз айдың ішінде осы сегменттегі тұтынушылардың шағымдары төрт есеге – 1,7 мыңнан 6,5 мыңға дейін өскен.
Сандық трансформацияның біздің күнделікті өмірімізге терең енуі жағдайында тұтынушылардың шағымдарының өсуі жалғасады деп болжануда.
Сондықтан ҚР Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда алаңдарының иелерін кәсіпкерлермен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын сақтау бойынша шарттар жасасуға міндеттеуді ұсынады. Оны орындамау жосықсыз сатушы үшін әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке ғана емес, сондай-ақ электрондық платформада сауда жасау мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады.
Жалпы заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз етуге, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button