Жаңалықтар

Ақтөбеде әйелдер форумы өтті

Ақтөбеде елдің қоғамдық және әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдің рөлі талқыланды. Ауқымды форум «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өтті. Оған 200-ге жуық әйел қатысты.

Бүгінде облыстағы әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, өңірдегі 936 мың халықтың 51 пайызын әйелдер құрайды. Қыз-келіншектердің көпшілігі білім берумен айналысады. Әйелдер мұғалімдердің, тәрбиешілердің және білім саласының басқа да өкілдерінің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.

«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың айтуынша, облыстық мәслихатта 34 депутаттың 9-ы – әйелдер. Ал облыстың барлық деңгейдегі мәслихаттарында 205 мандат болса, оның 24 пайызы – нәзікжандылар.

«Бүгін әр түрлі салада лайықты еңбек етіп жүрген мықты, әдемі әйелдер жиналды. «AMANAT» партиясы барлық азаматтардың әлеуметтік әділдігі мен тең құқығын қорғай отырып, Қазақстандағы әйелдер көшбасшылығын дамытуды белсенді қолдайды», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова әйелдер қанаты туралы толығырақ айтып берді.

«Бұған дейін партия «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобаларын сәтті жүзеге асырғаны белгілі. Ал жаңа жоба әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған. Партия төрағасы осыған дейінгі кездесулерде Әйелдер қанатын құру туралы сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді тыңдап, қолдады. Соның нәтижесінде партия жанынан осындай кеңесші орган құрылды. Қазір барлық өңірде осы органның жұмысын дамыту міндеті тұр.  Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам қоғамдық емес ұйым тіркелсе, соның 500-ден астамы әйелдердің ісімен айналысады. Сондықтан партияның Әйелдер қанаты нәзік жандылардың мүмкіндігін кеңейтуге, олардың қоғамдық-саяси процестердегі рөлін ілгерілетуге, сайланбалы лауазымдарға ұсыну үшін әйел саясаткерлерді қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге бағытталады. Қоғамдағы әйелдердің рөлін көтеру – біздің ортақ міндетіміз», – деді ол.

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өз сөзінде небәрі әлемнің 10 елінде әйел мемлекет басшысы, 13 елде үкімет басшысы лаузымында қызмет атқаратынын атап өтті. Гүлқасима Сүйінтаева әйелдердің саясатқа қатысуы үшін жағдай жасауды ұсынды.

Жиналғандар сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханованың, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы, Тәңірберген ауылдық округінің Саржансай ауылының тұрғыны Шолпан Махамбетованың және басқа да қатысушылардың сөздерін тыңдады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button