Жаңалықтар

Ақтөбеде кітап орталығы ашылды

«Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында кітап орталығы ашылды. Мұнда кең аудиторияға арналған әр түрлі авторлардың 600-ден аса жаңа кітабы жинақталды.

Орталықтың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Бұл жобаның мақсаты – оқырмандар санын арттыру. «AMANAT» партиясының орталық ғимараттарына тұрғындар мұң-мұқтажын айтып, құқықтық көмек алуға келеді. Өзге сұрақпен келгеннің өзінде олар кітаптарды көреді. Кітаптар көз алдында болса, адамдар оқиды.
Биылғы жылы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық міндеттер қойып, идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап шығару ісі екенін айтты. «AMANAT» партиясы Президенттің тірегі ретінде «Кітап – AMANAT» жобасын іске қосты. Біз еліміздің барлық жиырма өңірінде кітап орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мақсат – қазақстандық әдебиет пен мерзімді басылымдар әрбір тұрғынға жетуі үшін отандық кітап, газет және журнал баспагерлерін қолдау, -деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова.

Орталықтың ашылуында партияның Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов оның мән-маңызын айтты.

– Партияның орталық аппараты мен «AMANAT» партиясы Төрағасының тапсырмасы бойынша біз халыққа қажетті тағы бір жобаны аштық. Сұранысқа сәйкес біз әдебиеттерді жаңартып отырамыз. Жергілікті жазушылар да өз кітаптарын мемлекеттік тілде ұсынады. Біз орталықта жаңа кітаптардың тұсаукесерлері мен талқылауларын өткіземіз, отандық жазушыларды, авторларды, баспагерлердің басын қосамыз. «Кітап-AMANAT» нағыз мәдени-ағарту орталығына айналады. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, рухани байлығымызды арттыру – басты мақсатымыз, – деді Ербол Данағұлов.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button