Жастықтың қызықты кеші
Студенттер күні
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда 17 қараша — Халықаралық студенттер күніне орай «Жалындаған жастық шақ» атты мерекелік шара өткізді.
Кеш шымылдығы халықтық ұжым «ЖасSTAR» би ансамблінің әдемі биімен ашылды. Салтанатты шарада студенттерді құттықтап, сөз сөйлеген университет ректоры Әсет Қалиев:
—Қызығы мол студенттік шақ — адам өміріндегі қызықты естеліктерге толы, ұмытылмас кезеңдердің бірі. Дәрігер мамандығының жауапкершілігі мол. Басты байлық — адам денсаулығы және оның өміріне араша түсу талмай еңбек етуді, мұқияттылық пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Өткенге көз жүгіртсек, 66 жылдық тағылымды тарихы бар оқу орнымызды 30 мың түлек тәмамдаған. Олардың қатарында елге белгілі ақ халатты абзал жандар да жетіп артылады.
Университетімізде студенттердің сапалы білім алып, қоғамдық жұмыстармен айналысуларына барлық жағдай жасалған. Қазір 7050 студент білім алады. Болашақтарыңыз жарқын болсын! — деп тілегін білдірді.
Бұдан соң университет басшысы Әсет Қалиев республикалық, облыстық, университет ішілік байқауларда жеңімпаз атанған және түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, оқу орнының мерейін үстем еткен, сондай-ақ жастар саясатын жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрген бір топ студентті Алғыс хатпен марапаттады.
Жиналған қауым концерттік бағдарлама мен Жайдарман ойынын тамашалады. Сайыста алты команда жолдастық кездесу өткізіп, өзара сынға түсті. Университеттің жастар ісі жөніндегі бөлім жетекшісі Мирамгүл Серікқалиқызы және Жайдарман ойындарының ұйымдастырушысы, «Оспанов құрамасы» әзілкештер мен тапқырлар командасының жетекшісі Айнұр Жәнібекқызы командаларға алғыстарын білдірді. Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік шара жастардың би кешіне ұласты.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті
корпоративтік коммуникация қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы.