Жаңалықтар

Ғұн әскербасының бейнесі қалпына келтірілді

Археология

2018 жылғы маусым айының басында Ақтөбе қаласына жақын Қурайлы ауылы маңындағы құрылысқа қажетті құм алынатын орындардың бірінен кездейсоқ көне ғұн заманының қабірі табылған еді.

Бұл жерде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандары қазба жұмыстарын жүргізіп, алтынмен әрленген ер-тоқым, темірден соғылып, асыл тастармен безендірілген қылыш, киімге жапсырылған әшекейлер, күміс пен қоладан жасалған бұйымдар, т.б. тапты.

Мамандар жерленген адам біздің заманымыздың ІІ-IV ғасырларында, жоғарыда айтқанымыздай,ғұн дәуірінде өмір сүрген деп болжады. Ал табылған заттар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына табысталған болатын.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бірлескен жобасы аясында биыл осы жәдігерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Міне, осы жұмыстың нәтижесінде кеше Ақтөбе маңындағы I Елек қорғанынан табылған ғұн әскербасының қайта қалпына келтірілген, яғни ғылыми-көркемдік нұсқасы «Ұлы қоныс аудару кезеңіндегі Батыс Қазақстан: зерттеулер, ашылымдар» атты ғылыми- тәжірибелік конференцияның аясында ұйымдастырылған көрмеге қойылды.

А.САРЫБАЙ.

 («Ұлы қоныс аудару кезеңіндегі Батыс Қазақстан: зерттеулер, ашылымдар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен көрме материалдарын алдағы нөмірімізде толығырақ береміз)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button