Батырдың қабірі — Шейітсайда
Қиыл өзенінің арғы бетінде Шекемер (дұрысы Шек кемер) деген елді мекен болған.
Кеңес дәуірінде «Красный восток» колхозы 1951 жылы осы жақтағы төрт колхозбен бірге тарап, халқының көбі оңтүстікке көшірілген.
Осы жерде негізінен Ақкетеден тарайтын айдар, намазғұл, дәулет, қоңыр, байқошқар, тағы басқа рулар қоныс еткен. Ата бабамның жұртын, қабірін тастап кетпеймін деп, дәулет кете Нодия ақсақал Шекемерде жалғыз үй қалып, ұзақ жыл тұрды.
Ойылға Ноэль Шаяхметов келіп, Исатай қабірін қазбақ болғанда, Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев аудандық газеттің редакторы Нұрымжан Жұмағалиевты бір топ адаммен Шекемердегі Нодияға жіберген. Нодияның қыстағы Шейітсайдан онша қашық емес. Ол ақсақал төмпешік болып жатқан үлкен қауымнан Исатайдың қабірін көрсеткен. Исатайдың бейіті Шейітсайда жатыр дегенді мен алпысыншы жылдардың басында Ақыраптан Қиылға хат-хабар таситын Құбаш Мұқашев ақсақалдан сұрап, жазып алдым. Ол кезде әдеби шығармашылықпен айналысып, «Қаһарлы күндер» атты туындыма материал жинап жүргенмін. Алексей Скарбов бастаған Қиыл партизандары, 1919 жылғы ақтар мен қызылдар соғысы, яғни Қобда жеріндегі Бегалы, Қызылжар шайқастары жөнінде 1957 жылы қазан төңкерісінің 40 жылдығы қарсаңында аудандық газетке үлкен мақала жаздым. Осы Қиылдың Шолақ молда елінде Кеңестер Одағының батыры Абдолла Жанұзақовтың туғанын, оқығанын Құбаш ақсақалдан жазып алып, басқа да білетін адамдардың естелігімен толықтырдым.
Солардың бірі Сағидолла Жолдыбаев еді. Ол кеңшар құрылғаннан кейін туған жеріне көшіп барған. Бала кезінде осында Абдолламен бірге оқып, мұғалім Қайролла Нұрмановтан Шейітсайда ұлт азаттық көтерілісіне қатысқандардың жерленгендігін естіген. Исатайдың қабірін көруге талай барған. Ал Құбаш ақсақал баласы Майлекешке бейітті арнайы апарып көрсеткен. Ол түбінде Исатайдың іздеуі болады ден сенген. Кейіннен Әбдіғали Кенжалин деген азамат осы жерлерді аралап, білгендерден сұрастырып, архив материалдарымен толықтырып «Исатай Тайманов» деген еңбек жазған.
Менің Исатайға қайта оралуым 1969 жылы Қоғалы ауылындағы үйіме Ноэль Шаяхметовтың келуімен байланысты. Оның қасында белгілі ғалым, профессор Сайын Балмұханов, Ақтөбе онкологиялық ауруларын емдейтін емханасының бас дәрігері, медицина ғалымдарының кандидаты Болат Наурызбаев болды. Олар өз беттерімен демалыстарын пайдаланып Қарақыпшақ Қобыландының бейітін зерттеуге келгендіктерін айтты. Содан Ноэль біздің үйде үш күн жатты. Сайынды Жапониядағы бір үлкен жиынға қатысады деп шақырып кетті.
Сол жолы мен Ноэльден қазақша сөйлеуге онша ынталы болмаса да, Ойыл, Қиылға барғандығын, шалдың қабірді көрсеткенін сұрап білдім. Ол 1926 жылы шыққан А.Рязанцевтың «Исатай Тайманов көтерілісі», «Путь полковника Гекке» деген кітабы мен кітапшасын көрсетті.
Ел арасында «Царьская ворота» деп Суықбұлаққа барар жолдағы қос тауды атайтын. Сызбада сол да бар. Суықбұлақ, Ақбұлақ өзендері, Гекке әскері Қиылға қарай Шыңғырлау өзенін жағалай өткені көрсетілген.
Өкінішке орай, көп нәрсені жазып алуға жағдай болмады.
Ел аузында сақталған Исатай туралы біраз деректер, «Қиыл» кеңшары 1974 жылы құрылғаннан, яғни сонда селолық кеңес төрағасы болып жұмыс істеп жүрген кезімде жиналды.
Осы жерден көшпей, туған жерінде тұрақтап қалған соғыс ардагері, бала кезінде Айтмұханбет ахунның Қарғалыдағы (Орынбор облысы) мұсылман хазреттері діни мектебін бітірген, орысша, немісше жақсы білетін Қапсәлім Келбетовтен Халел Досмұхамбетовтің «Исатай – Махамбет» кітабында Исатайдың қабірі Шолақ молада деп қалай жазылғанын сұрастырдым. Ақтөбе-Орал шойын жолы жоқ кезде Қиылдың Шекемер тұсынан өткел болған. Суы жоғалып, Ақбұлақ өзені тартылып бұлақ болып қалған. Осы күнгі Шолақ мола сайы өзен арқылы өтіп Шейітсайға жалғасып жатады, бәрін Шолақ мола деп атаған деді ол.
Махамбеттің жырларында Исатай «ағатай-беріш» деп айтылады.
Берсиев кеңшарында көп жыл ұстаз болып істеген Назар Есқалиев ата қонысы Тайсойған бойы, аталары Жәнібек, баласы 18 жасар Досқанмен Исатай қолына қосылып соғысқаны, Жәнібектің майданда қаза тауып, Досқанның қолға түсіп, Орынборға айдалғаны жөніндегі деректі жазушы Құрал Тоқмырзаұлын 1972 жылы «Жұлдыз» журналына жазғанын айтады. Назарды ауылынан Қиылдың Шейітсайына ата-бабаларына аят оқуға келе жатқанда кездестірдім. Жазушы Жұбатқан Мұратбаев «Алаштың жұлдызы» кітабында ақкете Әлмембет бидің ұрпақтары Әлдібай, Ертай, Әлімбет руларынан Телбай, Жәнбай дегендер сол соғыста ерекше көзге түскендігін жазады.
Тарихтан белгілі, көтерілістің жеңілу себептері Исатайдың өз бетімен сұлтанға 10 күн мұрша бергендігі делінсе, ауызбірліктің жоқтығы деп те көрсетіледі.
Бұл жөнінде Шернияз ақынның:
«Ерегес — қазақ еншісі,
Алалыққа кіргені,
Сұлтансиық ұранды
Наушаға кетті ел еріп.
Алты жүз адам бөлініп,
Қылмайсың деп айтқанды
Кейін қалды шегініп.
Үш жүз кісі беріштер
Исатайға бұл еріп.
Батыр туған Исатай
Өзінен-өзі желігіп…
Ұзамай-ақ ұрыстан
Ырсалды мен Қалдыбай
Екі батыр тең өлді-ай», — дегені дәлел болады.
Енді Қалелдің «Исатай-Махамбет» дастанында Қиылдың кең даласында екі пулеметімен, мылтықтармен қаруланған Гекке әскерімен шілденің 12 жұлдызындағы (1837 жылы) шайқаста урядник Борадин Исатайдың атын атып құлатады да, Сарболдин Көпен батырдың басын кесіп алып, бір топ серіктерімен қаша жөнеледі. Оларды қазақтар қуып, түнде Жиренқопа тұсындағы Қобда өзені бойында демалып жатқан жерінен жетіп, басты ұрлап алып қашады. Ел аузындағы әңгімелер осылай дейді.
Көпен — тарихта болған адам. Қобда ауданының Қызылжар аулы ертеде «Көпен Қызылжары» аталған. Ол халықтың есінде өте күшті, айлакер, ешнәрседен сескенбейтін батыл, сонымен қатар бірбеткей, не болса соған сенетін есер адам ретінде сақталған.
Жанып жатқан тобылғыны төбесіне қойып бас құйқасының майы аққанша шыдай білген, қыз-келіншектермен бәстесіп, тасып жатқан Қобданың жар қабағынан атпен секірген.
Осындай қабілетін біліп Баймағанбет жақтастары оны Исатайдың көзін жоюға пайдаланған.
Олардың мекені Жолай, Ақсай, яғни Қобда бойы екені белгілі.
Сонымен Қиыл бойындағы қақтығыс Исатайдың өлімімен аяқталады. Бұны:
«Қырық бір жасқа келгенде,
Қанша айтса да болмадым,
Сөзіне құлақ салмадым,
Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағаң.
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн мұрсат бергенім,
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім…
Ақырында еш болды-ау
Ел үшін кеткен еңбегім!», — деп жырлаған Махамбет ақын.
Мұратына жете алмай, қайран ер 41 жасында қаза табады. Көтерілісті басқаннан кейін де патша үкіметі ел ішінде қуғын-сүргін жүргізіп, көптеген адамдарды ит жеккенге, Орынбор түрмесіне айдайды.
Міне алмаған алаға-ай,
Шыға алмаған далаға-ай,
Қара қазақ баласын,
Атаңа нәлет Жәңгірхан,
Көзінен тізіп жіберді-ау
Орынбор деген қалаға-ай!
(Махамбет). Көптеген отбасы Қарақалпақ, Түрікпен, тіпті Ауған еліне өтіп кеткен. Қазір ұрпақтарының қайта қосылып жатқандары да баршылық.
Арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, Исатайдың еңбегін елі елеп, еске алып жатыр. 1977 жылы жаңадан ашылған ауданға Исатай атағы берілді. Бұны естігенде Жаңбыршы қарт: «Қап, қырық бір жасында арманына жете алмай кеткен Исатайдың атын бекер қойған екен, ауданның өмірі ұзақ болмас» деген еді. Айтқаны келіп, аудан екі мәрте ашылып, жабылып, халқы жан-жаққа тарап кетті. Аудан орталығындағы 4,5 мың адамнан қазірде мыңға жетпейтіні қалды. Алайда, Исатайды еске алуда біраз шаралар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Ноэль ашып-жапқан Исатай қабірі қоршалып, белгі тас қойылды. Шейітсай — Қиылдан Оралға өтетін көпірден 15 шақырымдай жерде, 1978 жылы оны қоршауды аудан басшылары кеңшар директоры Есенгелді Бажыраев пен аудандық тұрмыстық қамту қызметінің директоры маған жүктеді. Қиыл көпірінде Грузияға бара жатқан машинадан аударылып қалған ұзындығы 2 м, ені 80 см екі гранит тас жататын. Соның бірі Исатайға, екіншісі Ақыраптағы Кеңес Одағының батыры Абдолла Жанұзақовқа бұйырды.
Исатай Тайманов көтерілісінің 150 жылдығына орай үлкен мерекелік шаралар 1990 жылы өткізілді. Кеңшар орталығында парк ашылып, оған Исатайдың ескерткіші орнатылды. Республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылып, мерекелік концерттер қойылды, спорт жарыстары өткізілді.
Қазір батыр қабірінің жатқан жерінде ел жоқ, иесіз дала. Оның үстіне жолы нашар. Исатайдың 220 жылдығы қарсаңында айтылып жатқан ұсыныстар да жоқ емес, пайдалысы жүзеге асар деп сенеміз.
Мәскеу ШҮКІРАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қобда ауданы.



